Қазір Австрияға шикізат тасымалдап, ол елден дайын өнімді импорттау Қазақстан үшін тиімсіз - А.Перуашев
Осыған қарай Қазақстан Австриядан техникалық құралдар мен өзге де бірқатар өнімдерді импорттайды. Алайда Австрияға шикізат тасымалдап, ол елден дайын өнімді импорттау Қазақстан үшін қазіргі таңда тиімсіз. Әлемді шарпыған экономикалық дағдарыс бұған соңғы уақытта барынша көз жеткізе түсті. Біздіңше, қазір бізге австриялық әріптестермен бірлесіп, Қазақстан аймағында бірлескен кәсіпорын құру мәселесін қолға алу керек», деді бүгін «Атамекен одағы» Қазақстанның ұлттық экономикалық палатасының төрағасы Азат Перуашев. Бұл туралы ол бүгін Қазақстан-Австрия бизнес-форумында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, бірлескен кәсіпорындар Қазақстаннан қажетті табиғи ресурстарды қолдануға, ал Австрия тарапынан жоғары техникалар мен техникалық құрал-жабдықтарды және олардың тәжірибелерін пайдалануға мүмкіндік беретін болады. «Осы орайда айта кететін мәселе, елімізде Кедендік Одақтың құрылуына орай Қазақстанға келетін инвесторларға үлкен мүмкіндіктер жасалуда.
Олар бірінші кезекте тұтынушы нарығының ауқымдылығымен ерекшеленеді. Ал Қазақстандағы инвестицияларға жасалатын ішкі жағдайларға келетін болсақ, бізде кәсіпорындарға салынатын салық салмағы өзге мемлекеттермен, нақтырақ айтқанда Ресеймен және Беларуспен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Сонымен қатар бізде бизнесті жүргізуге қатысты шарттар да әлдеқайда дамыған. Бұл ретте Қазақстан Бүкіләлемдік банктің мәліметтері бойынша 63-ші орында тұрса, Ресей 120-шы орында. Оның үстіне елде жаңа қабылданған Салық кодексі де бизнесті өркендетуге қажетті көп мүмкіндіктер жасайды», деді төраға.