Қазіргі таңда мемлекеттердің бейбіт мақсатта қолданылатын атомға және ядролық отынға кемсітусіз қол жеткізу құқығын кепілдендіру қажет - Н.Назарбаев
«Біз Иран ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздердің екі раундын 2013 жылы Алматыда өткізуге бастамашы болдық. Иран ядролық бағдарламасы бойынша жалпыны қамтитын іс-қимыл жоспарына қол қойылуын қоштаймыз», - деді Елбасы,
Қазақстан Көшбасшысы қазіргі таңда мемлекеттердің бейбіт мақсатта қолданылатын атомға және ядролық отынға кемсітусіз қол жеткізу құқығын кепілдендіру қажеттігін баса атап өтті.
«Нақ осы себепті біз Қазақстанда МАГАТЭ-нің Халықаралық аз байытылған уран банкін құру туралы келісімді қолдап, қол қойдық. Бұл - жаһандық ауқымдағы оқиға. Әлем оны атомды қауіпсіз әрі бейбіт мақсатта қолданудың маңызды қадамы ретінде бағалауға тиіс», - деді Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысының пайымынша, сонда атом энергетикасын дамытқысы келетін елдер үшін уранды өздері байытудың еш қажеттілігі болмайды. «Жаһандық антиядролық қозғалыс құру маңызды міндет болып отыр. Жер бетіндегі әрбір адам ядролық сынақтарға тыйым салу ісіне өз үлесін қоса алады және солай болуға тиіс», - деп қосты Елбасы.