Қазіргідей уақытта кәсіби әскер құрудың маңызы зор

ОРАЛ. 7 мамыр. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Елбасымыз өзінің "Ғасырлар тоғысында" атты кітабында "Қай елдің болма­сын, рухани-моральдық, саяси-экономикалық жағдайы оның әскер жағдайынан андағайлап көрініп тұрады" - деп жазған болатын.
None
None

Бас қолбасшының тапсырмасымен ел әскерін жарақтандыру, қаруландырудың тұтас тұжырымы жасалды. Ең бастысы, әскер санын экономикалық мүмкіндікке шақтап, қорғанысқа керекті күштің дәл есебі шығарылып, осының негізінде әскер түрлерінің өзара үйлесімді қимыл тәртібін жасау мәселесі шешілді. Қару-жарақ, техника жаңартылып, жөнделді. Енді қару мен техниканы өзімізде өндіру жобалары қарастырылуда. «Жүргізіліп отырған әскери-техникалық саясат барысында біз мемлекеттің қауіпсіздігін толыққанды сақтау үшін қару-жарақ пен әскери техниканың қажеттігін анықтаудамыз, - деп атап өтті ҚР Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков таяуда Аягөз гарнизонына жасаған жұмыс сапары барысында. - Сонан соң әскери-өндірістік кешенмен қам­тамасыз етілуі бағытында жұмыстанатын боламыз».

Жалпы алғанда, бүгінде Қарулы күштерде өзгеріс көп. Әскердің мәртебесін, беделін, қоғамдағы көзқарас пен құрметті қайта қалпына келтіру үшін сарбаздар мен сардарлардың әлеуметтік жағдайын жақсартуда да ауыз толтырып айтуға болатын істер атқарылды.

БҚО қорғаныс істері департаментінің бө­лім бас­тығы, ма­йор Мұратбек Сәрсенғалиевтің айтуынша, еліміз әскер құрудың бастапқы кезеңінен өтті. Енді армияны кәсіби тұр­ғыдан дамы­туға көштік. Елде қазір үш түрлі әскер жүйесі бар. Бі­рінші, жер бетінде қоян-қолтық ұры­сатын аламан. Екінші, судағы теңіз күштері. Үшінші, әскери-әуе күштері. Солтүстік, Оңтүстік, Шығыс, Батыс әс­кери округтері құрылды. Қазір Алма­ты және Астана қаласында шұ­ғыл қимылдайтын ықшам жасақтар құрылған. Бүгінде Қазақстан әскері алдыңғы қатарлы зенит-зымыран құрылғыларымен, ұшақ түр­лерімен жабдықталған.

Кәсіби армия құ­ру ісінде әскерді қай­та қаруландырудың маңызы зор. Бүгін­де өзге ел­дердің әскер жа­рағы жаңа буындық технологиямен жарақ­талып отыр. Соғыса қалса, жау­ды алақандағыдай көріп отыратын құралдармен қамтылған. Өте сапалы байланыс жүйесі арқылы дұшпан қай­да қашып тығылса да тауып алып, отпен төпейтін авиация. Заулаған сауытты машина. Теңізде тұрып ұшақ ұшыратын, өзі де зымыран атқылайтын, тұмсығынан от шашатын қаһарлы кемелер. Не керек, көз көріп, құлақ естімеген небір ғажап сайманның түр-түрі бар. «Бүгінгі таңда біз­дің жауынгерлер заманауи техникалардың тілін үйреніп, бұл өнерді бойына дарытуы керек», - дейді Елордадағы «Жас ұлан» республикалық әскери мек­тебі­нің аға оқытушысы, батысқазақстандық Мұрадым Биғалиев. - Қа­зір елге төнетін қауіп­тің сипаты тым бөтен, тіпті бір дүлей кейіпте. Зұлымдық жайлаған тынышсыз соғыс ошақтары ел ау­мағына жақын орналасқан. Қайсыбір мемлекеттердің шекарамызға таласының болуы, ха­лық­аралық террор мен еліміздегі кейбір топтардың олармен байланыс орнатуы, жаппай қы­рып-жою қаруларының, әсі­ресе, ядролық технологияның тарауы, мұның жекелеген топтар мен терроршылардың қолда­рына түсіріп, қолданып қалу мүмкіндігі алаңдатпай қой­майды».

Әскерді асырайтын, қолына қару беретін - халық. Ал халық өркениет пен өнерге қырсыз келсе, тынымсыз, ізденімпаз болмаса, көкірегінде намыс сәу­лесі көмескі тартса, ол өндіретін қоғамдық ресурстары, қар­жы­сы, өнді­рісі, осыған керекті тех­нология түрі де аз, сапасы тө­мен болары анық. Қоғамда жайылған рухани дерттен уланған, жауаптылықты сезінбеген селтең саналы жастың бойында па­триоттық сезім бар деп айту қиын. Мұны әскери комиссариат өкілдері де мойындайды. "Соңғы жылдары әскер қатарына 1992-1993 жылдары дүниеге келген жастар алынуда, - дейді облыстық қорғаныс істері де­партаментінің әс­кери-медициналық қызмет бөлімі­нің бастығы, майор Батырбек Бәйдиев. - Яғни бұл ұрпақ тә­уел­сіздік таңы ат­қан кездегі қиын­шылық сәтте дүние­ге келгендер. Елдегі жұмыссыздық, жа­лақы мен зейнетақының кешікті­рілуі, құнарлы тағамның аздығы, дә­румендердің жетіспеушілігі ең бірінші кезекте осыларға әсер етті. Дене тәрбиесі, алғашқы әскери дайындық сабақтары дұрыс жүргізілмеді. Міне, содан келіп жүйке-психикалық, жүрек-қан тамыры, омыртқа, көз, құ­лақ, майтамабан аурулары шық­ты. Қазір әскер жасындағы жі­гіт­тердің 30 пайызының ғана денсаулығы жақсы».

Енді ұлттық мінезге келейік. Ынжық, ез немересін аттың бауырына алып, бір сабап алатын қазақы жауынгерлік тәртіп қазір жоқ. Ақсақалдардың кесек мі­незбен көрсететін осындай үлгісі, сіңіретін тәрбиесін іздеп табу қиын. Жігіттің мәрт­тігі, әділ сөзге қайтпас қайсарлығы, жаланған жауға түскен көзсіз ерлігі біздің қоғамда сирек кездесетін құ­былысқа айналғаны өтірік емес.

Қазір ел экономикасы түзелді. Ендігі кезекте дәл осы қазақы қайратты жетілдіруіміз керек. Отан қорғаушы сөзі ұрпақтың санасында киелі, қастерлі кө­рінуі үшін отбасында, мектепте, ЖОО-да бұл бағытта кешенді іс-шаралар алынуы тиіс.

Соңғы жаңалықтар