KAZNEX INVEST биыл шет мемлекеттерде 5 өкілдік ашады

АСТАНА. ҚазАқпарат - "KAZNEX INVEST экспорт және инвестициялар бойынша ұлттық агенттігі" АҚ шет мемлекеттерде 5 өкілдік ашуды жоспарлауда. Бұл туралы бүгін KAZNEX INVEST компаниясының басқарма төрағасы Бөрисби Жанғұразов мәлім етті.
None
None

"Біз АҚШ-та, Германияда, Түркияда, Біріккен Араб Әмірлігінде және Қытай Халық Республикасында өкілдіктерімізді ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл елдердегі өкілдіктер жақын жатқан өзге де мемлекеттерді қамтитын болады", - деді ол Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Оның сөзіне қарағанда, бұл елдер тегін таңдалған жоқ, арнайы талдау жасалған. Қазіргі уақытта әлем бойынша тікелей инвестициялардың негізгі ірі донорлары - осы мемлекеттер.

"Аталған мемлекеттерде ірі өнеркәсіптік индустриалды компаниялардың көп көлемі шоғырланған. Біз оларды Қазақстанға тарту бойынша жұмыс жасаудамыз", - деді ол.

Оның сөзі бойынша, «KAZNEX INVEST» өкілдіктерін ашу жөніндегі жұмыстар бұрыннан іске асырылуда, дегенмен нақты нәтижелерге қазір ғана қол жеткізілді.

"Елшіліктерде істейтін өкілдерге де қосымша шығын қажет емес. Олар белгілі бір жұмыспен айналысып келген штаттық бірліктер болатын, биылдан бастап олар шетелден тікелей инвестициялар тартумен айналысады. Бұл елшіліктер мен СІМ құрылымдарын шетелден тікелей инвестициялар тартуға дағдылау процесінің бір бөлігі және ол маңызды жұмыстардың бірі болып табылады", - деді агенттік басшысы.

Б. Жанғұразов ашылғалы жатқан өкілдіктердің бюджетіне қатысты ақпаратты ашып айта алмады. Алайда олар аса көлемді болмайтындығын атап өтті.

"Біздің өкілдіктерге келетін болсақ, бюджетті мен айта алмаймын, жалпы оның көлемі қарапайым болады. Біз басқа мемлекеттердің инвестициялар тарту жөніндегі өкілдіктерінің бюджеттерімен салыстыру жүргіздік, жалпы олар сәйкес келетін сандар. Жалпылама айтқанда, біз ешкімге асыра төлеп жүрмейміз", - деп түйді сөзін ол.

Соңғы жаңалықтар