«Қазпошта» АҚ филиалынан ақша ұрлаған қылмыстық топтың мүшелері сотталды
«Атбасар аудандық сотының тамыздың 31-індегі үкімімен Р.А.Исенов «Қазпошта» АҚ Ақмола облыстық филиалы ақпараттық технология бөлімінің маманы қызметін, Атбасар аудандық пошталық байланыс торабының маманы қызметін, одан кейін, Атбасар аудандық пошта байланыс торабы бастығының орынбасары қызметін атқара отырып, Атбасар қаласында құрамы тұрақты, мүшелері арасында тығыз байланыс орнаған ұйымдасқан қылмыстық топты құрып, сеніп тапсырылған өзгенің қаражатын жекешелендіріп, жұмсау үшін ірі көлемде ұрлап алуға бағытталған қылмыстық жоспарды құрғаны үшін кінәлі деп танылды», - делінген баспасөз қызметтің таратқан ақпаратында.
Ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері Р.Исеновтың жетекшілігімен 2006 жылдан бастап 2008 жылдар аралығында арам ойларын жүзеге асырып, осы кезеңде жалпы сомасы 192,37 млн. теңге болатын «Қазпошта» АҚ ақша қаражатын бірнеше мәрте ұрлаған.
Аталмыш қылмыстық істі ҚР Бас прокурорының бұйрығымен құрылған Ақмола облысы прокурорының аға көмекшісі А.Әлиқұлов басқарған тергеу тобы тексерді.
Іс сотта төрт ай бойы, ағымдағы жылғы сәуірдің 27-сінен бастап тамыздың 31-і аралығында тергелді.
Соттың үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ, делінген баспасөз қызметтің таратқан ақпаратында.