12:39, 23 Қаңтар 2009 | GMT +5
«Қазтеміртранс» АҚ оралдық кәсіпорындармен ынтымақтастық меморандумына қол қойды
ОРАЛ. Қаңтардың 23-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасында «Қазтеміртранс» АҚ өкілдері «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ,

«Зенит», «Омега» зауыттары, «Орал құю-механикалық зауыты» ӨК-мен және машина жасаушылар мен құрылысшы кәсіпорындардың «Белес» консорциумымен ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның 100 пайыздық еншілес кәсіпорны болып табылатын аталмыш компания ? еліміздегі жүк вагоны паркінің ірі операторы. Қазақстан аумағындағы темір жол тасымалы жалпы көлемінің жартысынан астамы осы компания арқылы тасымалданады. Сонымен қатар вагондарды жөндеумен, оларды жаңартумен, көліктік-экспедиторлық қызмет көрсетумен айналысады.
Дөңгелек үстел басында «Қазтеміртранс» АҚ президенті Ерхат Исқалиев Қазақстанның темір жол саласын дамытуда отандық өндірісшілердің үлесін арттыру керектігіне мән беріп отырғандығын атап өтті. Бұл ретте кеңестік дәуірде аса күрделі, дәлдікті қажет ететін тетіктерді жасап шығаруға маманданған оралдық машина жасаушылардың әлеуеті кеми қойған жоқ. Сондықтан жөндеу жұмыстарын жүргізуге қажетті қосалқы бөлшектер мен өнімдер шығаруда оралдық кәсіпорындар көмегіне сүйенуге әбден болады.