«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның жылдық ақша түсімінің көлемі 2011 жылы 60 пайызға ұлғайды

Компанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2011 жылы газды сату көлемі 7 млрд. 664 млн. текше метрді құрады. Бұл 2010 жылғы көрсеткіштен 57 пайызға жоғары. Газды тасымалдау көлемі 10 пайызға ұлғайып, 5 млрд. 188 млн. текше метр болды. Газ тарату құбырларының ұзындығы 8 159 шақырымға ұзарып, 18 949 шақырымға жетті. Бұл газ тарту құбырларын жергілікті әкімдіктердің коммуналдық меншігінен компания меншігіне беру жөніндегі Үкіметтің 2010 жылғы 14 қыркүйектегі № 939 қаулысын жүзеге асыру арқасында мүмкін болды. Соның нәтижесінде күрделі қаржы жұмсалымы былтыр алдыңғы жылға қарағанда 1,56 есеге өсіп, 7 млрд. 995 млн. теңгені құрады. Оның 5 млрд. 450 млн. теңгесі инвестициялық жобаларға жұмсалды. Акционерлік қоғам ел бюджетіне 6 млрд. 265 млн. теңге көлемінде салық пен өзге де міндетті төлемдер құйды. Ал жылдық ақша түсімінің көлемі 83 млрд. теңгеге дейін өсті. Бұл 2010 жылға қарағанда, 60 пайызға артық.