«ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамының жамбылдық филиалы газ құбырындағы апаттан келген шығынды есептеуде
деп хабарлады Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.
Сенбі, қазанның 2-сі күні «104» диспетчерлік қызметтің телефонына «Асыл Арман» демалыс орнының аумағында орналасқан орта қысымды жерасты құбырынан газ шығып жатқаны туралы хабар түседі. Оқиға орнында тексеру жүргізген бригада, «Асыл Арман» демалыс орталығының иесі, жеке кәсіпкер Гафур Қасымовтың бассейн қазу жұмыстарын ұйымдастырып, соның салдарынан экскаватордың жерасты газ құбырын зақымдағанын анықтады. Ал телеорталық және химиялық кент орамдарының тұрғындары «көгілдір отынсыз» қалды.
Төтенше жағдайлар департаментінің ақпараты бойынша, жер қазу жұмыстары «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы жамбылдық филиалының газ шаруашылығымен келісілмеген болып шықты.
«ҚазТрансГаз Аймақтың» арнайы бригадасы сол күні кешке газ құбырын жамап, денсаулық сақтау және білім беру мекемелеріне орта қысымда табиғи газ жеткізілімін жандандырды.
Ал жексенбі күні қалған барлық абоненттерге газ берілді.
«ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы осы оқиғаның салдарынан келген шығынды және қоршаған ортаға тигізілген зиянды есептеп жатыр.