«ҚазТрансОйл»: «Халықтық ІРО» бойынша дивиденттер көлемі мамыр айының соңында белгілі болады

«Халықтық ІРО» қатысушылары иеленген әрбір акцияға тиесілі дивиденттің көлемін анықтайды. Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифинг барысында «ҚазТрансОйл» АҚ басқарма төрағасы Қайыргелді Қабылдин мәлім етті.
«Әлеуетті акционерлермен кездесулер барысында «ҚазТрансОйл» АҚ-ның басшылығы мен ұжымы «халықтық акционерлерді» біздің компаниямыздың акцияларын сатып алудан ең қысқа мерзімде табатын нақты және айтарлықтай табыстарды сезінуге бар күшін салады деп мәлімдедік. 2012 жылда алынған қорытынды нәтиже - 33,5 млрд. теңге көлеміндегі таза пайда - бұған дәлел. Мамыр айының аяғында біз пайданы үлестіру және бір акцияға дивиденттің көлемі туралы шешім қабылдайтын жылдық жалпы акционерлер жиналысын өткіземіз», - деді Қайыргелді Қабылдин.
Оның айтуынша, АҚ жария етілген пайданы ескере отырып, бәсекеге жарамды таза табыстың 40 пайызынан кем емес дивиденттерін төлеуге қабілетті.
Компанияның негізгі қызметінен 2012 жылғы шоғырландырылған кіріс көлемі 143 млрд. 061 млн. теңгені құрады, бұл жоспарлы межеден 4,8%-ға, 2011 жылдың көрсеткішінен 1,8%-ға жоғары.
Ал өткен жылдың қорытындысы бойынша «ҚазТрансОйл» АҚ шоғырландырылған таза пайдасы 33 млрд. 501 млн. теңгені құрады, бұл 2011 жылдың жоспарынан 30%-ға және көрсеткішінен 29,1%-ға жоғары.
Айта кетейік, 2012 жылы «ҚазТрансОйл» АҚ «Халықтық IPO» бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Қор биржасына Қоғамның 38 463 559 қарапайым акциясын орналастырды. IPO нәтижесінде Қазақстан Республикасының 33 989 азаматы және 10 жинақтаушы зейнетақы қоры «ҚазТрансОйл» АҚ-ның акционерлері болды.