«ҚазТрансОйл» компаниясының халыққа ұсынылатын бір қарапайым акциясының бағасы 725 теңге тұрады - БҚО

ОРАЛ. 12 қараша. ҚазАқпарат - «Халықтық ІРО» бағдарламасы бойынша акциялары нарыққа бірінші кезеңде ұсынылатын «ҚазТрансОйл» АҚ компаниясының басшылығы өңірлердегі әлеуетті инвесторлармен кездесу үшін роуд-шоу (Roadshow) өткізуді бастады. Мұндай шара 12 қараша күні Орал қаласындағы облыстық мәслихаттың үлкен залында өтті.
None
None

Шарада облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атап өткеніндей, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының ХІІІ съезінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сөйлеген сөзінен кейін «Халықтық ІРО» деген сөз тіркесі қолданысымызға енді. Өткен жылдан бері осы бағдарламаны халыққа түсіндіру жұмыстары кең көлемде жүргізіліп келеді. Соның бәрі мәресіне жетіп, желтоқсан айынан бастап бірінші болып акцияларын халыққа ұсынып отырған «ҚазТрансОйл» компа­ниясының өкілдері келіп отыр. Бағдарлама бойынша Қазақстанда орнықты бизнес жасап жүрген «ҚазТрансОйл» компаниясының акцияларын халықтың меншігіне беру, сөйтіп, Елбасы айтқандай, халық пен бизнес арасын жақындату болып табылады. Бұл бағдарлама 2012-2015 жылдарға арналған. Бұл компаниядан кейін «ҚазТрансГаз», «Қазақстан темір жолы», «КЕГОК» және өзге де ұлттық компаниялардың акциялары халыққа ұсынылады. Осы бағдарлама аясында қаржылық сауаттылықты арттыруға мүм­кіншілік бар. «Компанияның жұмысына тікелей араласып, қызметінің ашықтығына қол жеткізу, акционері ретінде өз ұсыныс-тілектеріңізді білдіре отырып, компанияның тапқан табысын бөлісу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл компанияның өңірдегі бірінші кездесуі, бұдан кейін Үлкен Шаған елді мекенінде өтеді. Бағдарламаның артық­шылығын, басымдығын әркім өзінше пайымдауы тиіс. Бірақ мұны жаппай үлестіріп жатқан лотерея билеті деп түсінбеу керек. Әркім өзінің қаржылық сауаттылығын арттыра отырып, күнделікті болып жатқан істермен, ақпарат құралдары арқылы, ғаламтордан компанияның қызметімен таныса отырып, алғашқы орналастыруда өзінің сатып алған акцияларын қолдану жайымен таныса алады. Қажет уақытында сатып, қосымша алғысы келсе, сатып алады. Бұл - қаржылық құрал», деді әкім.

«ҚазТрансОйл» АҚ бас директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Азиз Илеуов компанияның қазіргі тыныс-тірлігі мен келешектегі жобаларымен таныстырды. Бүгінде ұлттық экономиканың көшбастаушыларының бірінен саналатын бұл компания ішкі нарыққа және экспортқа елімізде өндірілетін мұнайдың жалпы көлемінің 58 пайызын тасымалдайды. Компанияның магистральды мұнай құбыры жүйесі көршілес елдердің құбыр жүйелерімен жалғасып Қара және Балтық теңіздері порттары, Орталық және Шығыс Еуропа елдері, Транскавказ дәлізі, Қытай бағыты бойынша мұнай тасымалдауды қамтамасыз етеді. Өткен жылы 66 млн. 873 мың тонна мұнай және мұнай өнімдері тасымалданған. 2010 жылмен салыстырғанда мұнай тасымалы көлемі 2 пайызға өскен. 2011 жылдың қорытындысы бойынша компанияның негізгі қызметінен тапқан табысы 140 млрд. 478 млн. теңгені, ал таза табысы 25 млрд. 945 млн. теңгені құрады. «ҚазТрансОйл» АҚ-ның жалғыз акционері «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ болып табылады. Компания акционерге 2009 жылы 6 млрд. теңге, 2010 жылы 7,3 млрд. теңге, 2011 жылы 19,3 млрд. теңге шамасында дивиденд төлеген. Бірақ компания өкілдері осындай жетістіктерге қарамастан акция сатып алып, орналастырудың тәуекелді қажет ететінін ашып айтты. Дивиденд төлеу мәселесін компанияның акционерлер кеңесі шешеді.

«ҚазТрансОйл» компаниясының халыққа ұсынылатын бір қарапайым акциясының бағасы 725 теңге тұрады. «Халықтық ІРО» бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасы азаматтарына және ҚР заңдылықтарына сәйкес зейнетақы қорларына компанияның 38 млн. 463 мың 559 қарапайым акция ұсынылады. Акцияларға жазылу қарашаның 6-сынан бастап желтоқсанның 5-іне дейін (осы күнді қоса алғанда) жалғасады.

Кездесу барысында компания өкілдері қойылған сұрақтарға жауап берді.

Соңғы жаңалықтар