ҚазҰУ-де «Академиялық ұтқырлық: жүзеге асыру механизмдері мен даму болашағы» атты республикалық семинар өтті

АЛМАТЫ. 28 сәуір. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де «Академиялық ұтқырлық: жүзеге асыру механизмдері мен даму болашағы» атты республикалық семинар өтті.
None
None

Семинардың мақсаты - Қазақстанның даму қарқынына байланысты мамандар даярлау кезінде жүзеге асырылатын университет имиджінің ұстанымдарын қарау.

Аталған шараға ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары Мұрат Орынханов, ҚР ЖОО-ның ректорлары, шетелдік қонақтардан Ұлыбританияның Қазақстан және Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Дэвид Моран, Францияның ҚР Елшілігінің техникалық және ғылыми ынтымақтастық жөніндегі атташесі Гийом Жироде, Польшадағы Адам Мицкевич атындағы университеттің профессоры Хенрык Янковски қатысты.

«Бүгінгі көтерген мәселе ауқымды, мағынасы кең тақырыптардың бірі. «Еліміздегі экономиканың дамуы білім жүйесіне өзгерістер енгізуді талап етеді» деген қағида бар. Ал білікті мамандар білім жүйесіне қойылып отырған талаптарға сәйкес болуын қалайды. Бұл әлемдік маңызы зор мәселе. Болон үрдісі бойынша Америка, Еуропа университеттері үш сатылы деңгейде мамандар дайындап жатқаны белгілі. Сондықтан ортақ мәмілеге келу керек. Соңғы үш жылдың көлемінде ҚазҰУ әлемнің 20 мемлекетіне 3000 студентін жіберіп, білім кеңістігін біршама кеңейтті», - дейді ҚазҰУ-дың ректоры Ғалымқайыр Мұтанов.

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есполов 300-дей аграрлық оқу орындарының атқарушы мүшесі болып табылатын университет екендігін айтып, ішкі ұтқырлықтың өзектілігін атап өтті. Ал, Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Серік Пірәлиев информатика, математика, халықаралық мамандықтарын негізге ала отырып, икемді бағдарламаны іске асыру үшін шет тілін жетік меңгеру жолдарын ұсынды. Сондай-ақ Польшадағы Адам Мицкевич атындағы университеттің профессоры Хенрык Янковски өз жобасының тұсаукесер рәсімін қазақ тілінде таныстырды. Ол университеттеріндегі Азиятану кафедрасының жұмысымен таныстырып, түркітану және қазақтану пәндерінің өтетіндігін, 2002 жылдан бері студенттерге қазақ тілін оқыту жұмыстары жүзеге асып келе жатқандығын айтып өтті.

Семинар барысында ҚР жоғары оқу мекемелерінің білім беру қызметін көрсету саласындағы өзара ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды.

Шараны әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және ҚР Білім және ғылым министрлігі бірлесіп ұйымдастырды.

Соңғы жаңалықтар