12:34, 01 Маусым 2009 | GMT +5
Кеден одағы аясында тарифтердің 95 пайызы келісілді - Ө. Шөкеев
АСТАНА. Маусымның 1-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Кеден одағы аясында тарифтердің 95 пайызы келісілді.
Бұл туралы бүгін Үкіметте өткен селекторлық кеңесте Үкімет басшысының бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бірыңғай кедендік тариф мәселесіне тоқталсақ, 10 күн бұрынғы Ресей Премьер-Министрінің Қазақстанға сапары барысында біз 11 мың 214 ұстанымның ішінде тарифтің 88 пайыз келісілгенін баяндаған болатынбыз. Бүгінде осы аралықта оның 95 пайызы келісілді. Енді 5 пайызы ғана қалды. Бұнда дәрі-дәрмек, металл өңдеу құрылғылары, тұрмыстық техника, автокөлік, сондай-ақ ұшақтарға қатысты аса сезімтал ұстанымдар қамтылған», - деді ол.
Ө. Шөкеевтің айтуынша, аталған мәселелер бойынша екі жақта да белгілі бір әдістемелер бар. Онда өтпелі кезеңнің түрлі нұсқалары пайдаланылатын болады. Осы орайда ол кедендік тариф мәселесі биылғы жылғы маусымның 9-ында Үкімет басшыларының шешіміне енгізілетінін айтып өтті.
«Ал Кедендік кодекске тоқталатын болсақ, бұл құжат жасалып жатыр. Атап айтқанда, Кедендік кодекстің дайындалуына негізінен біздің тарап жауапты. Бұл кодекс 2009 жылғы қыркүйек айында Мемлекет басшыларының қарауына енгізіледі», - деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары.