Кеден одағын құруға қатысты 32 келісім жасалды - Индустрия және сауда вице-министрі

Олар сауда-экономикалық қатынастар мен сауда саясатының түрлі қырларын реттеуге арналған. Бұл туралы бүгін Алматыдағы Кеден одағын құру үдерісін талқылауға арналған дөңгелек үстел жиынында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кеден одағын қалыптастыру мен бірыңғай кеден аумағын құру туралы келісімге» мемлекет басшылары 2007 жылы қазанның 6-сы күні Душанбеде қол қойды. Ол Кеден одағы мен бірыңғай кеден аумағы және бірыңғай кеден тарифтерін айқындайды. Тәжікстан астанасындағы бұл басқосу кезінде болашақта құрылатын Кеден одағының институционалдық құрылымы ретінде Кеден одағының комиссиясын құру туралы келісімге де қол қойылды. Онда тұрақты әрекет ететін орган ретінде комиссия жұмысының қағидалары, құрамы мен шешім қабылдау тәртібі анықталады», дейді Индустрия және сауда вице-министрі Жанар Айтжанова. Оның айтуынша, 2010 жылы қаңтардың 1-нен бастап құрылатын Кеден одағында ішкі кедендік шекараларда кедендік тексерулер болмайды. Бірыңғай кеден аумағы ішкі нарықты кеңейтіп, жаңа өндірісті дамытуға серпін береді.