Кеден одағының Қазақстан үшін оңтайлы тұстары баршылық - Л.Мерғалиева

Сонымен қатар қазіргі жаһандану заманында ешбір ел өзінің егемендігін толыққанды сақтай да алмайды. Өйткені оған халықаралық сауданың дамуы, жұмыс күшінің миграциясы және инвестициялар алмасудың жол бермейтіні айдан анық. Олай болса, Кеден одағының Қазақстан үшін оңтайлы тұстары бар. Бұл туралы М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, экономика ғылымдарының докторы мәлім етті.
Оның айтуынша, басты оңтайлы тұстары мынадай:
- Ресеймен шекараның ашылуы елімізге инновациялық-өндірістік даму стратегиясын өмірге кеңінен енгізуге жол ашады. Себебі технологияны меңгеру мен өзіндік құны жоғары тауарларды өндірудің биік деңгейі үшін тұтыну нарығы аса қажет.
Статистикаға сүйенсек, Қазақстан импортының негізгі бөлігін ресейлік тауарлар, құрал-жабдықтар құрайды. Өткен жылы бұл көрсеткіш 31,3 пайызға жетті. Демек, баж салығы жойылса, ішке енетін ресейлік өнімдер тұтынушылар үшін арзандауы тиіс.
Ресеймен шекаралас облыстарда, соның ішінде Жайық өңірінде кедендік кедергілердің алып тасталынуы кәсіпкерлердің белсенділігін арттырып, бәсеке күшейеді, нәтижесінде бағаның төмендеуі ықтимал.
Өнімдері (ауыл шаруашылығы, жүн және тері өңдеу т.б.) Ресей нарығында сұранысқа ие еліміз экономикасының дәстүрлі салаларының жедел дамуы ықтимал.
Әрине, Кедендік одақ жағдайында Қазақстанға Ресей тауарларының тасқыны лап қойып, бұның отандық тауарлардың өтіміне кері әсер етуі әбден мүмкін. Кедендік одаққа кірмейтін елдерден келетін тауарлар қымбаттап, сол мемлекеттермен арадағы кедендік талаптардың қатая түсуі ықтимал.
«Өндірістік саладағы ұлттық кәсіпкерлерге бәсекеге шыдап және шыңдалуға тура келеді. Енді кім-кімге де тікелей бәсеке күні тумақ. Өйткені біздің кедендік баж салығы өзіміздің кәсіпкерлерді бұрынғыдай ресейлік тауарлардан қорғай алмайды. Бұдан шығатын қорытынды: отандық кәсіпкерлерді барынша қолдап, қорғау қажет. Сондай-ақ, кәсіпкер атаулы да мемлекетке арқа сүйей бермей, бәсекеге қабілеттілікті басты мақсат тұтуы шарт», дейді ғалым.