Кедендік кодекстегі өзгертулер бойынша негізгі шешімдерді қабылдап, үш жақты да қанағаттандыратын ұстанымдарға келістік - РФ Үкіметі төрағасының бірінші орынбасары
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өткен аптада ҚР Үкімет басшысының бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевпен және басқа да әріптестермен Кеден одағы комиссиясы аясында тиісті жұмыстар атқарылғанына тоқталған И. Шувалов, «Кедендік кодекстегі өзгертулер бойынша негізгі шешімдерді қабылдадық, сондай-ақ үш жақты да қанағаттандыратын ұстанымдарға келістік. Және біз мемлекет ішілік процедураларды іске қосуға дайынбыз», деді. И. Шувалов аталған құжат бойынша ратификацияға шығу үшін сәуірдің 10-ына қарай мемлекеттік барлық процедураларды аяқтау мәселесі келісілгенін жеткізді.
«Сонымен бірге біз күрделі мәселе бойынша, яғни импорттың баж салығынан түсетін қаржыны үлестіру бойынша мәселені келістік», деді ол.
Мұнымен қоса, И. Шувалов ұлттық банктердің қатысуымен ұлттық есепшоттарға қаржыны аудару әдістері бойынша шаралар келісілгенін айтып өтті. «Осы арқылы бізде іс жүзінде және процессуалды түрде Кеден одағын іске қосуға барлығы дайын екені келісілді», деді Ресей Үкіметі төрағасының бірінші орынбасары.
Сонымен бірге ол Кеден одағына қатысушы мемлекеттер қалған уақытта шекарадағы өзара іс-қимыл бойынша шараларды келісу керектігін айтып өтті. «Атап айтқанда, біздің кедендік қызметтер қалай жұмыс істейтінін, тауар айналымы бойынша ақпаратпен бір-бірін қалай қамтамасыз ететінін, сондай-ақ Кеден бекеттерінде бірлескен регламент іс-қимылы бойынша мәселелерді қарастыру қажет. Бұл - қиын мәселе. Себебі әр кеден өз мемлекетінің мүддесін қамтамасыз етуді көздейді», деп атап өтті И. Шувалов.