Кедендік одақ 2011 жылғы шілденің 1-інен бастап енгізіледі - Ө.Шөкеев

АСТАНА. Маусымның 1-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Толық форматтағы Кедендік одақ бізде 2011 жылғы шілденің 1-інен бастап енгізіледі.
None
None
Бұл туралы бүгін Үкіметте өткен селекторлық кеңесте Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Маусымның 9-ында Мәскеуде Үкімет басшылары деңгейінде Кедендік одақ құру бойынша отырыс өтетініне тоқталған Премьер-Министр Кәрім Мәсімов бірінші орынбасары Ө. Шөкеевке аталған мәселе бойынша өткен аптада Минскіде өткен келіссөздердің нәтижесін баяндап беруді сұрады. «Минскіде атқару комитетінің отырысы өтті. Онда Кеден одағын құрудағы концептуальдық мәселелер мен бірыңғай кеден тарифін қалыптастырудағы шаралар қаралды. Концептуальдық мәселеге тоқталсақ, біз елдердің әртүрлі жылдамдықтағы ықпалдастығы болатынын келістік. Себебі Ресей мен Белоруссия одақта бұрыннан жұмыс істейді. Оларда көптеген мәселелер шешілген. Атап айтқанда, екі елдің шекараларында біздегі секілді кедендік толық рәсімдеу шаралары жоқ. Оларда бұл жұмыстар қысқартылған. Осыған орай Ресей мен Беларус арасында 2010 жылы қаңтардың 1-і мен шілденің 1 аралығында кедендік жүктерді рәсімдеуде, яғни тауар Беларустан Ресейге кірсе, онда сертификатты көрсетіп, еркін өте беретін болады. Сондай-ақ Ресейден шыққан тауар да осылай тіркеледі. Ал 2010 жылды шілденің 1-інен бастап екі ел арасындағы жүктер еш рәсімдеу шараларынсыз өткізіледі», - деді Ө. Шөкеев. Ресей мен Қазақстан арасындағы кеден мәселесіне тоқталған Үкімет басшысының бірінші орынбасары, «біз Ресеймен сертификат бойынша кедендік рәсімдеусіз өткізуді 2010 жылғы шілденің 1-інен бастаймыз. Сонымен қатар жүктерді еш рәсімдеусіз өткізу 2011 жылы шілденің 1-інен бастап жүзеге асырылады. Атап айтқанда, арада 1 жылдық айырмашылық болады», - деді. Осы орайда ол бұл аралықта ең басты жұмыс кедендік ақпараттық жүйесін шектестіру болатындығын айтты. Толық форматты кедендік одақтың бізде 2011 жылы шілденің 1-інен бастап енгізілетіндігіне тоқталған Ө. Шөкеев, «Нақты айтқанда кедендік одақ 2010 жылы қаңтардың 1-інен бастап құрылады. Кедендік одақты құрудағы классикалық түсініктеме бірыңғай кедендік тарифті меңзейді. Ал бұл шаралар бізде 2010 жылдың басынан іске қосылады», - деді.
Соңғы жаңалықтар