Кедендік одақ аясында автокөлік бағасын арттырған монополист компаниялармен тиісті органдар айналысуы тиіс - Ө. Шөкеев

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әрине, Кедендік одақ аясында кейбір бағытта бағаның артуы орын алуы мүмкін. Мәселен, жұртшылықтың алаңдаушылығын тудырып отырған автокөліктерге баға мәселесін алып қарайық. Егер автокөлікке қатысты статистикалық мәліметтерге көз жүгіртсек, 2007 жылы елімізге 300 мыңнан астам көлік әкелінген екен. Оның 70 пайызы ұсталған, ескірген көліктер. Бұлар негізінен Жапония мен Германия елдерінен жеткізіледі. Ал бұл көліктерге Қазақстан мен Ресейдің арасындағы кедендік баж салығының айырмашылығы 70 пайызға дейін жетеді. Яғни, Ресейде Қазақстанға қарағанда кедендік баж 70 пайызға артық. Ендеше бұндай автокөліктер Ресейге қарағанда Қазақстанда 70 пайызға дейін арзан болуы тиіс екен. Ал қазір бұндай ұсталған, ескі шетелден келетін автокөліктердің бағасы Ресейде де, Қазақстанда да бірдей», деді Ө. Шөкеев.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасарының айтуынша, бұл тұрғыда негізгі пайданы шетелден автокөлік тасымалдаушылар көріп отыр. Оның үстіне жаңа автокөліктер саудасындағы жағдай да осындай екен. «Тіпті жаңа автокөліктер саудасында біздің нарықты екі-үш компания ғана монополияға айналдырып отыр. Ал кедендік баж бойынша айырмашылықты құрап отырған 20-30 пайыз табыс сол компаниялардың қалтасына құйылып, сатып алушы бұдан еш пайда көріп отырған жоқ», деді Ө. Шөкеев. Оның айтуынша, кедендік одақ іске кіріскеннен бастап монополия құрған компаниялар автокөліктер бағасын арттыруға талпынса, бұнымен Табиғи монополияларды реттеу агенттігі мен прокуратура және құқық қорғау органдары айналысуы тиіс. «Өйткені, нарықта баға құбылмауы шарт. Тіпті баға құбылса да, ол айтарлықтай сезілмеуі керек», деді Ө. Шөкеев.