Кедендік одақ құрылғаннан бері салық түсімі едәуір өсіп отыр - БҚО

ОРАЛ. 15 қазан. ҚазАқпарат - Кедендік одақ құрылғаннан бері салықтық түсім едәуір өсіп отыр. Бұл туралы БҚО бойынша салық департаменті бастығының орынбасары Мұса Қалдарбеков мәлім етті.
None
None

Оның айтуынша, Кеден одағы құрылған 2010 жылдың 1 шілдесінен бастап биылғы жылдың 9 айы ішінде Ресей аумағынан әкелінген тауарларға салынатын қосымша құн салығының түсімі: 2010 жылдың екінші жартыжылдығында 3 млрд. 268 млн. теңге, өткен жылы 8 млрд. 130 млн., биылғы 9 айда 7 млрд. 076 млн. теңге болды. Салық түсімінің өсуі байқалуда, сонымен қатар оның өсу динамикасы биылғы 9 айда өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 118,1 пайызды құрады.

Сонымен бірге Беларусьтен тасы­мал­данған тауарларға салынған ҚҚС-ның түсімі 2010 жылдың 1 шілдесінен биылғы жылдың 9 айы кезеңінде өскен. 2010 жылдың екінші жартыжылдығында 130,8 млн. теңгені, 2011 жылы 457,5 млн. теңгені, ағымдағы жылдың 9 айы ішінде 504,6 млн. теңгені құрады. Биылғы тоғыз айдағы салық түсімі өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 163,6 пайызды құра­ды. Осындай көрсеткіштерден-ақ Кеден одағына мүше мемлекеттермен сыртқы сауда айналымының өсіп отырғанын аңғару қиын емес.

Сыртқы сауда айналымының өсетін реті бар. Өйткені жүк тасымалдау декларациясы бойынша салық төлеушілерге салық төлеу мерзімі бұрын дәл сол күні болатын. Кедендік одақ құрылып, оған еліміз мүше болып енгеннен кейін салық төлеу мерзімі ұзартылып, тауар әкелу рәсімі қысқартылды, әкелінген тауарға салық төлеу мерзімі келесі айдың 20 күніне белгіленді, яғни салық төлеушіге 1,5 айдай уақыт беріледі. Айта кетерлігі, салық органдарымен жүргізілген іс-шаралармен Кеден одағынан түскен қаржы әлеуметтік төлемдер мен инвестиция­лық, әлеуметтік жобаларды орындауға бағытталады.

Биылғы сәуір айында Орал қа­ласының бірқатар сауда орындарында салық төлеушілермен Кеден одағының ерекшеліктерін, Кедендік одаққа мүше елдерден тауар тасымалдаудағы салық төлеушілердің міндеттемелеріне қатыс­ты заңдылықтарды түсіндіру шаралары жүргізілді. Сол жұмыс өз нәтижесін берді. Өйткені содан кейін көптеген са­лық төлеушілер заңның дұрыстығын тү­сініп, салық органдарына тіркеуге тұрды. Кеден одағына мүше мемлекеттерден әке­лінген тауарларға қатысты өтініштер саны көбеюде.

Қазіргі уақытта Орал қаласындағы сауда үйлерінде, базарларда Кеден одағына мүше елдерден әкелінген тауарларды рәсімдеу, бақылау касса машинасының қолданылуы, салық органдарында тіркелу сұрақтары бойынша рейдтік шаралар жүргізілуде. Осы жұмыстардың қорытындысы бойынша бақылау касса машинасын қолданбаған 12 кәсіпкер, салық органдарында тіркелмеген 2 жеке тұлға, арнайы салық тәртібін қолдануды бұзған 5 жеке кәсіп­кер анықталып отыр. 12 кәсіпкерге ҚР Әкім­шілік құқықбұзушылық кодексі бойын­ша айыппұл салынған.

Соңғы жаңалықтар