Кедендік одақ пен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің біздің әрқайсысымызға, баршамызға берер пайдасы мол - Ө. Шөкеев

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан Тәуелсіздік алған күннен бастап бұрынғы Кеңес одағы республикаларының арасындағы қарым-қатынас пен ықпалдастық мәселесін терең түсіне отырып Мемлекет басшысы ықпалдасу идеясын табандылықпен жүзеге асырып келеді. Егер тарихқа үңілсек, республикалар арасындағы ықпалдастық идеясына қатысты мәселенің басым бөлігі ҚР Президенті Н. Назарбаевқа тиесілі деп айтуға болады. Бұл түрлі бағытта өрбіді және 2006 жылға дейін біз Кедендік одақ аясында Украина, Өзбекстан секілді мемлекеттер де болады деп ойлаған едік. 2006 жылы Сочидегі кездесуде, негізгі үш мемлекет Беларус, Қазақстан, Ресей арасында Кедендік одақ құру жедел шешімін табатынына көз жетті және солай шешім қабылданды. Жалпы, кез келген теорияда, оның ішінде К. Маркстің ілімін қоса алсаңыз да, мемлекеттің экономикасы, капиталдың қозғалысы, тауар мен қызметтердің жандануы, жұмыс күшінің толық болуы үшін шекарадағы кедергілер неғұрлым аз болса, соғұрлым өндіріс дамып, тұтынушылар үшін таңдау да көбейе түседі. Бұл таза теория. Ал егер біздің жағдайымызы алып қарастырсақ, Қазақстан осы жылдар ішінде тікелей инвестицияны жақсы тарта алды. Тікелей инвестиция дегеніңіз - экономиканы дамытудың негізгі қозғалтқышы. Егерде бүгінге дейін тартылған инвестиция 107 млрд. долларды құраса, оны жан басына шағып көрсек, Қазақстанның бұл мәселеде ең табысты мемлекетке айналғанына көз жеткіземіз. Бірақ, біз осы нәтижеге негізінен шикізатқа бай мемлекет ретінде қол жеткізгеніміз белгілі. Қазіргі біздің мақсатымыз шикізаттық емес секторға тікелей шетелдік инвестицияны тарту болып табылады. Ал ол үшін бізге тұтыну рыногының кең ауқымы қажет», деді Ө. Шөкеев. Оның айтуынша, ықпалдастық идеясын сатылап жүргізу және өз айналамызда экономикалық кеңістікті кеңейту бұл өте прагматикалық қадам болып табылады. Бұл бағытта бәрі есептеліп, түбегейлі сарапталған.
«Сондықтан да, Кедендік одақ пен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің біздің әрқайсысымызға, баршамызға берер пайдасы мол», деді Ө. Шөкеев.