Келесі жылдан бастап «АЗИЯАВТО» көліктері төменгі бағада сатылатын болады

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның себебін «АЗИЯАВТО» акционерлік қоғамының бірінші вице-президенті Ерік Сағымбаев: «Кедендік одақ Ресей автокөлік өндірушілеріне үлкен кеңістігін ашады. Ресейде жиналатын автокөліктер Қазақстанға салықсыз әкелінетін болады. Сол себепті біз маркетингтік саясатымызды өзгертіп, автокөліктердің бағасын түсіріп отырмыз», деп түсіндірді. Оның айтуынша, келесі жылы авторыноктағы жағдай биылғы жылғы деңгейде болады, бірақ бірнеше құрылымдарда өзгерістер болуы мүмкін.
«АЗИЯАВТО» акционерлік қоғамы президенті Ержан Мандиевтің айтуынша, бұл акция емес, ұзақ мерзімді стратегия. «Біздің серіктестеріміз бұл стратегиямызды құптады. Кедендік одаққа кіруіміз автокөлік рыногында өзгерістерге әкеледі, әрі бәсекелестікті арттырады. Сол себепті біз біршама пайыздық көлемде бағаны түсіріп, сатылу көлемін көбейтуді жоспарға алып отырмыз. Ол бір жағынан тұтынушылардың төменгі, мүмкін бағада сатып алуларына үлкен мүмкіндік тудырады. Баға, Ресейдегі, өз еліміздегі нарықтағы бағадан да төмен болады», деді Е. Мандиев.