Келесі жылы Атырауда ТМД көлеміндегі ең үлкен фармацевтикалық зауыт ашылады
Аймақ басшысы алдымен облыс халқының денсаулық жағдайына тоқталды. «Облыс тұрғындарының өмір сүру жасы соңғы 20 жыл ішінде 9 жасқа өсіп, қазір 72 жасқа жақындады (1994 жылғы 63,2-ден 2014 жылғы 71,8-ге дейін). Соңғы 20 жылда жалпы өлім-жітім көрсеткіші 1,5 есе төмендеген, оның ішінде туберкулезден өлім 8 есе, жұқпалы аурулардан өлім 6 есе, қан айналымы ауруларынан өлім 3 есе төмендеп отыр. Сәбилердің шетінеуі 4 есе төмендеді. 2000 жылдан бастап облыс аумағында 60 жаңа денсаулық сақтау саласы бойынша нысандар салынып, пайдалануға берілді, оның ішінде жалпы саны 570 кереуеттік 9 аурухана (4 аудандық, 5 туберкулезге қарсы), 100 кереуеттік бір перзентхана, ЖИТС орталығы, ауысымына жалпы көлемі 2560 адам қабылдайтын 9 емхана, 21 амбулатория, 13 фельдшерлік акушерлік пункттер бар», - дейді Б.Ізмұхамбетов. Сонымен қатар əкім атап өткендей, келешекте мұнайлы өңір ТМД аумағында ең ірі дəрі-дəрмек шығаратын облыс ретінде мақтана алады. «Атырауда елуден астам түрлі дәрі-дәрмек шығаратын ТМД елдеріндегі ең үлкен фармацевтикалық зауыт салынып жатыр. Бұл зауыт келесі жылы іске қосылады. Өңірдегі ірі компаниялардың облыстық медициналық ұйымдарында соңғы 4-5 жылдан бері бұрын тек республикалық клиникаларда жасалып келген жоғары мамандандырылған медициналық көмек түрлеріне жататын оталар жасалуда. Қажетті қондырғылар алынып, республикалық орталықтардан білікті мамандар шақыртылды, жергілікті мамандар оқытылды. Жыл санап облыста жоғары мамандандырылған ота түрлерін көрсететін медициналық ұйымдар саны да, жоғары білікті медициналық көмек түрлері де артып келеді. Қазіргі уақытта 7 медициналық ұйым, оның ішінде 2 жеке мекеме жоғары кәсіби мамандандырылған оталар түрлерін жасауда. Жыл басынан бері облыста жасалған жоғары мамандандырылған оталардың саны былтырғы жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 1,4 есе өсіп отыр», - деді Б.Ізмұхамбетов.