Кеңес Одағының Батыры А.Борисюктің есімі Батыс Қазақстанда құрметпен аталады
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Александр Евстафьевич Борисюк 1921 жылдың қыркүйек айында Тула облысына қарасты Белев қаласында дүниеге келген. 1925 жылы болашақ батырдың отбасы Батыс Қазақстан облысының Зеленов ауданына қарасты Серебряков ауылына ( қазір бұл елді мекен Орал қаласына қарайды ) көшіп келеді де, өзі осында 8-ші сыныпты бітіреді.
Қызыл әскер қатарына 1940 жылы алынған А.Борисюк 1941 жылдың қыркүйегінен бастап Ленинград майданында соғысады. Ол әскери өнерді шебер меңгерген минометші ретінде көзге түсіп, жаудың оқ боратқан бірнеше ондаған нүктесін жойды. 588-ші атқыштар полкіне қарасты миномет взводының командирі (23-армияның 124-атқыштар дивизиясы) аға сержант А.Е.Борисюк 1944 жылы шілденің 9-ында Карел мойнағындағы Барышев елді мекенінің тұсында Вуокс өзенінен өтерде жанқиярлық ерлігімен көзге түсті.
...Жау жағы оқ жаудырып жатқанына қарамастан кеңес жауынгерлері таң ата өзеннен өтуге кірісті. Тура жандарынан жарылған снаряд қайықты жарамсыз қылып, бірнеше сарбазды жаралады. Осындай қиын жағдайда да командир Александр Борисюк сарбаздарды соңынан ертіп, жаралыларды құтқара отырып, жау бекінген арғы жағалауға шығып, қолдағы қару-жарақтың бәрін іске қосты. Мұндай әрекет жаяу әскердің алға жылжуына жол ашты. Әр қарыс қадам жан алып, жан беріскен қиян-кескі ұрыспен алынды. Борисюк жау пулеметінің үнін өшіріп, дұшпан траншеясына да бірінші болып кіріп, қолма-қол ұрыс бастады. Жау өліспей беріспей тың күш тартып, минометшілерді кейін тықсыруға тырысты. Екі тәулік бойы үзілмеген ұрыстағы кеңес жауынгерлерінің жау шебіне бойлай енген табандылығының нәтижесінде Кеңес әскерінің басқа бөлімдеріне өзеннен өтуге мүмкіндік туды. Жаудың алты қарымта шабуылы тойтарылып, жетіншісінде гитлершілдер өлермендікпен алға ұмтылды. Бірақ Борисюк дереу қолға түскен жау минометін іске қосып, енді дұшпанды өздерінің қаруымен құртуға кірісті. Бұл полктің жау бекінісін біржола талқандауына жағдай туғызды. Бірақ ержүрек жауынгер түбегейлі жеңісті көре алмай кетті. Ол 1945 жылғы ақпанның 15-інде оққа ұшып, Грудзендз (Польша) қаласының солтүстік шыға берісінде жерленді.
А.Е.Борисюкке 1945 жылғы наурыздың 24-інде Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Сондай-ақ ол Ленин, Қызыл Жұлдыз ордендеріне қоса, медальдармен де марапатталған.
Серебряков ауылында батырдың атында көше бар, оның есімі осы кенттегі қаза тапқан батырларға қойылған ескерткіште қашалып жазылған.
Биыл Жеңістің 65 жылдығына орай Серебряков орта мектебінде жауынгерлік Даңқ мұражайы ашылып, Кеңес Одағының Батыры Александр Борисюк туралы арнайы бұрыш жасақталды. Аталмыш ауылда қазіргі кезде екі-ақ майдангер қалды.