Кеңес Одағының батыры Қарсыбай Сыпатаевтың есімі Ұлы Отан соғысының шежіресіне жазылды - ОҚМУ профессоры Әнуар Смайылов
Қарсыбай Сыпатаевтың жасаған ерлігі - мәңгілік. Мектептер мен көшелер батырдың атында, оның Жеңіске қосқан үлесін көп жылдан бері М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, Ресейдің әскери ғылымдар академиясының академигі Әнуар Смайылов зерттеп жүр.
«Мен бірнеше жыл бойы Мәскеу облысы Подольск қаласында орналасқан КСРО Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатындағы соғыстың құжаттары мен материалдарын зерттедім. Көптеген мәліметтер қорын жинақтадым, олардың көбі Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі Қазақстан тарихы жайлы жазылған екі монографияда қолданылды. Соның ішінде Қарсыбай Сыпатаев әскери борышын өтеген 61-ші кавалериялық дивизия туралы және батырдың Сталинград шайқасындағы ерлігін растайтын құжаттар да болды», - дейді Әнуар Смайылов. Қарсыбай Сыпатаев 1942 жылдың наурызында Оңтүстік Қазақстан облысының Шаян ауданындағы, қазіргі Бәйдібек ауданы «Көктөбе» колхозынан Қызыл әскер құрамына шақырылған еді. 1942 жылы қарашаның екінші жартысында Сталинград түбнде кеңес әскерлерінің қарсы шабуылы басталады. Олар неміс әскерінің ірі жасағына, соның ішінде екі румын және бір итальян жасағына қарсы тап болады. Бұған дейін тарихта болмаған екі алып әскердің шайқасы екінші ақпан күні генерал-фельдмаршал Паулюстің басшылығындағы неміс әскерінің қоршалуымен аяқталады. Бұл шайқаста 140 мыңнан астам жау әскері мерт болып, 24 генерал мен 2500 офицер тұтқынға алынды.
«Волгадағы Жеңіске кеңес атты әскері зор үлес қосты. Жерлесіміз Қарсыбай Сыпатаев 13-ші жеке атты-артиллериялық дивизионы 61-ші атты әскери дивизияның 4-ші корпусы құрамында өзінің өшпес ерлігін жасады. Бұл корпус Сталинград қоршауы басталғанға дейін Ортаазиялық Әскери аймақтан темір жол арқылы Сталинградтан оңтүстікке қарай орналасқан ауданға шұғыл түрде жіберілген еді. 1942 жылы қазанның 16-нан қарашаның 8-іне дейін қазақ, қырғыз, тәжік, өзбек, түрікмендерден құралған кавалериялық бірлестік (полковник А. Ставенковтың 61-ші атты-әскери дивизиясы мен полковник В. Баумштейннің 81-ші атты-әскери дивизиялары) жолсыздық, қар мен жаңбырға қарамастан, қарсыласушы әскер құрамына енді», деп баяндайды профессор.
61-ші дивизия румындық 4-ші жаяу әскер тылында жүріп, Соляной, Уманцево деген елді мекендерді қайтарып алды және Шарнутовский хуторының маңындағы жаудың 45 танкімен болған шайқасқа төтеп берді. 61-ші атты-әскер дивизияның белсенді іс-қимылдары 51-ші әскердің сол жақ қапталындағы бөлімдер мен бөлімшелердің табысты шайқасына септігін тигізді. «Нақ осы күндері оңтүстікқазақстандық даңқты жауынгер Қарсыбай Сыпатаев батырлық ерлігін жасады. Қарсыбайдың марапаттау қағазында: «Қызыл әскер сарбазы Сыпатаев Сталинградтан оңтүстік-батысқа қарай жердегі неміс жаулаушыларына қарсы кескілескен шайқаста ерекше батылдық мен табандылық көрсетті... «Қызыл батыр» колхозының ауданында 1942 жылы қарашаның 23-і күні өз минометімен дәл көздеп атып, жаудың жаяу әскерінің бір взводын жойды. Шарнутовский хуторының түбінде 1942 жылы қарашаның 26-сы күні жаудың 36 танкісі үш жақтан батареяны қоршайын деді. Сыпатаев жолдас минометімен дәл көздеп, танкілермен келе жатқан жаяу әскерді атқылап тоқтатты. Неміс танкісі минометке жақындағанда, оның жолын бөгеу үшін Сыпатаев қолындағы жарылғыш затпен танктың астына түсіп жау танкісімен бірге өзін жарып жіберді. Осылайша батырлық жасаған Қарсыбай Сыпатаев қаза болды».
Ғалымның айтуынша, марапаттау ұсынысында майдан қолбасшысы, генерал-полковник Родион Малиновский (1957-1967 жж. КСРО қорғаныс министрі): «Кеңес Одағының Батыры атағына лайық» деп жазады. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығына 1943 жылы сәуірдің 17-нде қол қойылады.
«Бұл ерлік жайлы хабар бүкіл елге тарады. Оңтүстік Қазақстан облысының Шаян ауданына көптеген хаттар келді. 1943 жылдың мамыр айында құрама командирі Л. Малеев, әскери комиссар В. Степаненко, саяси бөлім басшысы В. Чиковани «Кеңес Одағының Батыры Қарсыбай Сыпатаев» деген мақаласында оңтүстікқазақстандық ұланның Отаны үшін жанын қиып, қазақ халқының күрескер рухы мен қасиетін паш еткенін атап өтті. Ол батылдық пен ерлік символына айналды. Облыстық газет «Қазақ халқының ержүрек ұлы Кеңес Одағының Батыры Қарсыбай Сыпатаев» деген тақырыппен мақала жариялады», деп жалғастырды Ә.Смайылов. Ғалым Қарсыбайдың ауылдастары онымен әскерде бірге болған майдангерлерге жазған, сол кездегі басылымдар бетінде жарық көрген хаттың көшірмесін тауып алған. Хаттың мәтіні мынадай: «Құрметті жолдастар, сіздерді шын шүректен құттықтаймыз! Жерлесіміз, адал еңбекші большевиктік партияның түлегі Қарсыбай Сыпатаевтың Кеңес Одағының Батыры атағын алғаны біз үшін үлкен мақтаныш. Ол әскери борышын орындау кезінде жаудың 28 танкісін бөгеу үшін жанын пида етті. Қарсыбай бойындағы патриоттық сезіміне ерік беріп, «Көктөбе» ауылындағы жерлестерінің аманатын орындады. Ол батыр болған ата-бабасының, ақ шашты анасының ар-намысына дақ түсірмей, ерлік жасады. Қарсыбай арамызда жоқ, сол үшін қанша қайғырсақ та, елінің ардақты ұлы үшін мақтанышымыз Қаратаудың Тұра шыңынан да асады. Батырдың анасы Жекепар, әйелі Бибісая көз жасын төкті. Бірақ бұл қайғыға бола төгілген көз жасы ғаны емес, бұл мақтаныштың белгісі. «Менің Қарсыбайым елінің аманатын орындады. Дала қыранын бекер өсірмеппін. Менің басқа майдангер-балаларым ананың көз жасынан қорғасын құйып, Қарсыбай үшін кек алады» деді Жекепар. Құрметті командирлер, сіздердің қарамағыңызда күресіп жатқан барлық қазақ жауынгерлеріне, барлық жерлестерімізге мына бір сәлемімізді жеткізулеріңізді сұраймыз. «Минометші Сыпатаев сияқты батыл әрі байсалды, өлімді жек көретін жауынгер болыңдар. Сонда ғана қазақ халқына, кеңес елінің барлық бауырлас халықтарына жеңіс, бейбітшілік пен бақыт әкелесіңдер. Колхозшылардың тапсырмасы бойынша Қ.Сыпатаев атындағы колхоз төрағасы Ағыбаев, партия ұйымдастырушысы Ахметов, есепші және хатшы Есназарова, колхозшылар: Бибісая Сыпатаева, батырдың әйелі, Сапар Сыпатаев пен Жұмабек Сыпатаев, батырдың ағалары, Күлхан Үметаева, Бейсен Еркебалаева және т.б.».
Хатта соғыс кезеңіне деген құрмет пен колхозшылардың рухы, жауды жеңеміз деген үміт лебі сезіледі. Хаттың сөздері мен стилі, яғни сол кезеңнің өмір шындығы сақталған. «Оқырмандар үшін Қарсыбайдың өз қолымен жазған тағы бір құжатты көрсетейін», - дейді профессор. «Мен, Қарсыбай Сыпатаев, 1918 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Шаян ауданының «Көктөбе» колхозында дүниеге келдім. Менің әке-шешем кедей шаруалар, туыстарым сотталмаған және сайлау құқығынан айырылмаған. 1931-1934 жылдар аралығында «Көктөбе» колхозының мектебінде оқыдым. 1934 жылдың қыркүйегінен 1935 жылдың күзіне дейін Шаян орта мектебінде оқыдым. Осы жылдың күзінен бастап колхозға есепші болып жұмысқа тұрдым. 1936 жылдан осы күнге дейін (10 мамыр 1941 жыл) - колхоз есепшісі. Партия тарапынан жауапкершілікке тартылған жоқпын. КСРО, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне және жергілікті еңбекшілер депутаттары кеңесіне сайлау кезінде участкелік комиссиясының хатшысы қызметін атқардым. Әр кезде үгіт-насихатшы қызметін атқарамын, колхозшылардың партия мен үкіметтің шешімдерінжүзеге асыруына көмектесемін. Бұл менің қысқаша өмірбаяным. Қ.Сыпатаев. 10 мамыр 1941 жыл».
Батырдың жерлесі Таукүл Есназарованың естелігінен бір үзінді: «Қарсыбай Қызыл әскер қатарына өз еркімен кетті, әскери комиссариаттан шақыру қағазы келген жоқ. Ауылдастары Қарсыбайды колхозда қалып, жұмыс істеуге шақырды. Ол болса, «Үйде қалуға болмайды. Мен Қызыл әскер жауынгері болуым керек. Елге жеңіспен ораламын, не ерлік жасап мерт боламын», - деген еді».