Кеңес Одағының жауынгерлері соғыста жеңіске жетіп, планетаны фашизмнен құтқарып қалды - Н. Назарбаев
Президент бұл ойын бүгін Ақордада соғыс ардагерлері мен күш құрылымдардың қызметкерлеріне мемлекеттік наградаларды тапсыру салтанатында білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Сол жеңіс болмағанда, онда Еуропа концентрациялық лагерьге айналған болар еді. Қазақстанда сондай лагерьлер қалпына келіп, біз екінші сорттағы адамдарға айналар едік, немесе қырылып қалатын едік. Бұны біздің балаларымыз, біздің немерелеріміз білулері тиіс», деді Н. Назарбаев.
Осы орайда Президент Қазақстанда ардагерлерге тектен-тек құрмет көрсетіліп жатпағанын атап көрсетті. «Біз сол кезде Сіздердің қандай ерлік көрсеткендеріңізді жақсы түсінеміз. Егер де Сіздердің буындарыңыз босаңдық танытқан болса, онда бұрынғы Кеңес Одағындағы елдердегі өмір басқаша болар еді. Біздің балаларымыз басқа жағдайда өскен болар еді. Біздің балаларымыз өздерінің балаларын тәрбиелей алар ма еді, жоқ па, ол жағы беймәлім. Сондықтан да Сіздердің көрсеткен ерліктеріңізді келешек ұрпақ әрқашан есте ұстауы тиіс», деді Президент.
Елбасы осы орайда Қазақстандағы Ұлы Отан соғысының барша ардагерлеріне денсаулық тіледі. «Бүгін осында сөз сөйлей отырып Ұлы Отан соғысының барлық ардагерлеріне былай дегім келеді: Біз жеңімпаз әкелердің балаларымыз. Менің балаларым, менің буынымның балалары қарсы беттен жаздағы жаңбырдай нөсерлетіп тұрған оқтарға окоптан көтеріліп, қарсы тұрудың не екенін жіті түсіне қоймас. Ондай ерлікке бару үшін адамда ержүректік, мықты рухани күш болуы қажет», деді Қазақстан басшысы.
Осы орайда Н. Назарбаев қазақстандық ардагерлерді өздерінің көрсеткен ерліктері жайлы әңгімелеп, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуді жалғастыруға шақырды. «Біз Сіздерді Ұлы Отан соғысының 70, 75 жылдықтарында да көргіміз келеді», деді Н. Назарбаев.