Кения ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысу шартына қол қойды

ЭКСПО-2017 комиссары хатшылығы таратқан ақпаратқа қарағанда, кездесу барысында тараптар Кенияның Астанада өтетін көрмеге қатысуы, ұлттық күндерін өткізуі және павильонды контенттік толтыру мәселелерін талқылаған. «ЭКСПО-2017» тұғырнамасы екі елдің арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға және тауар айналымын арттыруға серпін беретіндігі атап өтілген. Кения комиссары Қазақстан мен Кенияның сауда-өнеркәсіп палаталары арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуына зор маңыз берілетіндігін баса айтқан.
К.Киптоо Кения көрме барысында өзінің балама энергия көздері саласындағы, оның ішінде күн энергетикасын пайдалануға жетістіктерін көрсететіндігін атап өткен. 2017 жылы Кения қуаты 50МВт-ты құрайтын күн фотоэлектрлі электр стансасын іске қосуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар Кения қатты отынды пайдаланудан бас тартып, 2050 жылға қарай 100 пайыз жаңаратын энергия көзін пайдалануды мақсат етуде.
Кездесу соңында Р.Жошыбаев пен К.Киптоо Кенияның «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысуы туралы шартқа қол қойды.