13:28, 11 Қаңтар 2012 | GMT +5
«Кеңқияқ-Құмкөл» мұнай құбырынан аса ірі мөлшерде мұнай ұрлаушылар ұсталды - ҚР ІІМ
АСТАНА. 11 қаңтар. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Қаңтар айының басында Қызылорда облысында аса ірі мөлшерде мұнай ұрлауды ұйымдастырған деген күдікпен бір топ адам құрықталды.
Бұл туралы бүгін елордада ҚР ІІМ-нің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті.
«Атап айтқанда, «Кеңқияқ-Құмкөл» мұнай құбырының 580 шақырымында жеке күзет агентігінің қызметкерлері мұнай өнімдерін ұрламақшы болған 27-ден 56 жасқа дейінгі аралықтағы 8 адамнан тұратын топты, сондай-ақ мұнай таситын 6 «КамАЗ» автокөлігін ұстады, оның біреуі мұнайға толы болған», - дейді ресми өкіл.
Н. Ораздың айтуынша, ұсталғандардың барлығы қамауға алынды. Аталған қылмысқа қатысы бар басқа да тұлғаларды анықтау бойынша жедел-тергеу шаралары қабылдануда.
Жалпы өткен жылы мұнай ұрлаудың 95 фактісі анықталған. Оның ішінде 48 фактісі мұнай құбырына заңсыз қосылу. Материалдық шығын 27 миллион теңгені құрап отыр.