«Керуен» халықаралық мотожорығы ЕХРО-2017 ұлттық жобасын Еуропаның 20 еліне таратады
Астанада 21 мамыр күні бастау алатын халықаралық мотожорық Еуропаның 20 елінің үстімен саяхатқа шығады, оның жолбағыты Қазақстан, Ресей, Финляндия, Швеция, Норвегия, Дания, Германия, Нидерландия, Бельгия, Франция, Швейцария, Монако, Италия, Австрия, Венгрия, Румыния, Молдавия, Түркия, Грузия, Әзірбайжан елдері арқылы өтеді.
Саяхаттаушылар Қазақстанның мәдениеті мен жетістіктерін, «жасыл экономиканың» артықшылықтарын, спорт пен туризмді, сондай-ақ біздің Ғаламшардың көрнекті орындарын насихаттайды. Соның ішінде Астана және ЕХРО-2017 ұлттық жобасы туралы хабардар етеді. Еуропа домбыра сазын тыңдап, қазақ халқының дәстүрлерімен және мәдениетімен танысады. 18 мың шақырым қашықтыққа шығатын үш мотоциклші телекамералармен және басқа да түсіру құралдарымен жарақтанып, жол бойы өздерінің әсерлері жөнінде телесұхбаттар даярлайды. «Керуен» сапары 6 шілдеде - Астана күні өзінің сапарын аяқтайды.
Бұл жоба Қазақстанның республикалық телеарналарының бірінен көрсетіледі және оны интернет ресурстарда орналастыру жоспарлануда.