Киевтегі мерекелік шараларға қатысу өткенді еске түсіріп, көңілді тербейтін болады - майдангер Қ.Орынбасаров
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өзінің айтуынша, ол - Қазақстаннан шақырылған бес ардагердің бірі. Бұл - әрине, үлкен құрмет. Әрі ол ел мен елдің арасын бекіте түсіп, екі мемлекеттегі өскелең ұрпақтың өткенді ұмытпай, қастерлеуіне септігін тигізеді.
Қосаман Орынбасаров Батыс Қазақстанның Қаратөбе ауданында туып-өсті. 1942 жылы он сегіз жасында құрдастарымен бірге әскерге шақырылып, майданға аттанды. 1943 жылы әйгілі Курск иініндегі кескілескен ұрыстарға қатысуына тура келді. 30-шы инженерлік-саперлік батальон құрамында Украина жерінде болған шайқастардың да талайын бастан кешті. Әсіресе, Днепр өзенінен өту кезінде үздіксіз байланысты қамтамасыз еткені үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Кейін «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалін де омырауына тақты. 1943 жылғы қарашаның 6-сында Украина астанасы Киевті кеңес әскерлерінің азат еткені әлі күнге дейін жадында. Бұл кезде ол бөлімше командирі еді. Қаланы минадан тазарту жұмыстарына белсене атсалысты. 1945 жылы ІІ Белорус майданы құрамында инженерлік-саперлік взвод командирі ретінде талай жерді басып өтті. Жаудың соңғы мықты бекіністерінің бірі Кенингсберг қаласы үшін болған ұрыстар, Одер өзенінен өту еш оңай болған жоқ. Жеңісті Эльба өзені бойындағы Биттенберг деген қалада қарсы алған кеңес жауынгерлерінің одақтас әскерлермен кездесіп, мәре-сәре болғаны ұмытылған жоқ. Бұл сәтте оның кеудесінде «Қызыл Жұлдыз» ордені жарқырап тұрған еді.
Соғыстан кейін Беломор-Балтық каналын салуға, сондай-ақ М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті ғимаратының іргетасын қалауға саперлер қатарында батысқазақстандық майдангер Қосаман Орынбасаров та қатысты.
Елге аман-есен оралған жеңіс сарбазы бірден еңбек майданына бел шеше кірісті. 1950 жылы Қаратөбе аудандық «Колхозшылар үні» газетінде жауапты хатшы болған ол көп ұзамай-ақ көзге түсіп, 1954 жылдан облыстық газетке жұмысқа алынады. Содан қырық жылдай уақыт бойы «Орал өңірі» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы ретінде абыройлы қызмет атқарып, зейнеткерлікке шықты.
Бүгінде жасы сексен алтыға келсе де, әлі тың. Облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, түрлі кездесулерге жиі барып тұрады. Әсіресе, жас жеткіншектерге Ұлы Отан соғысы туралы, ондағы кеңес жауынгерлерінің ерліктері жайында тебірене айтудан еш жалыққан емес.
«Осы жолы әуелі Астанаға жол түсіп, елорданы көріп, бір қуаттансам, одан кейін Алматы арқылы Киевке ұшамын. Украина еліне арада алпыс бес жылдан астам уақыт өткенде барып қайтудың өзі - бір мәртебе. Киевті азат етушілер қатарында құрметтеп шақырып жатқаны үшін, әрине, украин ағайындарға мың алғыс. Бізді Украина мемлекетінің басшылары арнайы қабылдап, ордендерін тапсырмақ. Сонау кезде бір одақтың қарамағында болған елдер өз алдына бөлініп кеткенімен, осындай шаралардың туысқан халықтарды жақындастыра түсетіні анық. Біз де Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы бастаған Қазақ елінің жақсылықтарын жеткізбекшіміз. Еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп, әлемде биік беделге қол жеткізіп отырған кезеңінде осылайша сапарға шығу бізді қуанышқа бөлейді», деп түйді ойын майдангер.