Кишинеуде Еуропа және ТМД мемлекеттері үшін пошталық төлем қызметін дамыту және нығайту жобасы ашылады - ҚР Байланыс және ақпарат министрлігі

АСТАНА. Мамырдың 11-і. ҚазАқпарат /Гүлнара Жандағұлова/ - Еуропа және ТМД мемлекеттері үшін пошталық төлем қызметін дамыту және нығайту бойынша аймақтық стратегиялық жоба тамыздың аяғында Кишинеуде ашылатын болады. Бұл туралы ҚР Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев басқарған қазақстандық делегация қатысуымен өткен байланыс саласындағы Аймақтық байланыс достастығы байланыс әкімшіліктері басшылары кеңесінің 42-отырысында және Мәскеудегі ақпараттандыру бойынша үйлестіру кеңесінің 15-ші отырысында мәлім болды, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
None
None

Отырыстың күн тәртібіне пошталық байланысты дамыту мәселелері енгізілді. «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Дәурен Молдағалиев «Еуропа мен ТМД үшін пошталық даму аймақтық жоспары» тақырыбында баяндама оқыды. Қазпоштаның басшысы алдағы уақытта пошталық төлем қызметінің дамуы мен нығаюы бойынша аймақтық стратегиялық жобаның әзірленіп, қабылданатындығы туралы айтты. Бұл жоба Кишинеуде (Молдова Республикасы) тамыздың соңында ашылады деп жоспарлануда. Сондай-ақ сол жиында тұтынушылардың талап-тілегіне орай пошта нарығын зерттеу бойынша семинар өтеді деп жоспарлануда.

Байланыс саласындағы аймақтық достастық 1991 жылғы желтоқсанда құрылды және ТМД елдерінің электр және пошта байланысы саласындағы мемлекетаралық үйлестіруші органы болып табылады.

Бүгінде аймақтық байланыс достастығына 13 ел - Әзірбайжан, Армения, Беларус, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түркия, Түрікменстан, Өзбекстан, Украина байланыс әкімшіліктері толық мүше болып отыр. Тағы 8 байланыс әкімшіліктері - Германия, Дания, Латвия, Литва, Пәкістан, Эстония өкілдерінің достастыққа байқаушы мәртебесі бар.

Аймақтық байланыс достастығы ТМД үкіметтері басшыларының шешімімен пошта және электр байланысы бойынша мемлекетаралық үйлестіруші мәртебесін иеленген және ашық халықаралық аймақтық ұйым. Ол Халықаралық электр байланысы одағы мен Бүкіләлемдік пошта байланысы одағында аймақтық одақ ретінде ресми танылған.

Соңғы жаңалықтар