Кісі өліміне соқтырған жол-көлік оқиғасын жасаған Қарағанды облыстық энергетика және ТКШ басқармасының бұрынғы бастығын тұтқындау тағы бір айға ұзартылды

ҚАРАҒАНДЫ. 18 сәуір. ҚазАқпарат - 18 ақпанда мас күйінде кісі өліміне соқтырған жол-көлік оқиғасын жасаған Қарағанды облыстық энергетика және ТКШ басқармасының бұрынғы бастығы Ерлан Өтешевті тұтқындауды сот тағы бір айға ұзартты.
None
None

Бұл туралы Қазыбек би атындағы аудандық соттың баспасөз хатшысы Әлия Жошева хабарлады.

«Сот Е.Өтешевті тұтқындау мерзімін 3 айға дейін, 2013 жылдың 19 мамырына дейін ұзартты. Бұл қосымша сот сараптамасын жүргізу қажеттігімен байланысты», - деді А.Жошева.

Ол жол-көлік оқиғасына және көлік құралына, сондай-ақ айыпталып отырған Е.Өтешевтің өзіне және зардап шеккен жүргізушілерге қатысты сот сараптамасы тағайындалғанын нақтылады. «Бұл сараптамалар бойынша қорытындылар әлі әзір емес. Сот тергеуді шынайы, жан-жақты және толық жүргізу мақсатында тұтқындау мерзімін тағы бір айға ұзартты», деп атап өтті аудандық соттың баспасөз хатшысы.

Адвокат бұлтартпау шарасын жұмсартуды сұрады. «Сот бұған негіз таба алмады», - деп қосты А.Жошева.

Қазіргі кезде бұрынғы шенеунік ҚАЖК департаментінің АК 159/1 тергеу абақтысында отыр.

Еске сала кетейік, 16 ақпанға қараған түні Қарағандыда жол-көлік оқиғасы орын алды, оның салдарынан 53 жастағы әйел ажал құшты және 3 адам зардап шекті. Гоголь жән Гудермес көшелерінің қиылысында BMW X5 автомашинасының жүргізушісі қарсы бетке шығып кетіп, екі автомобильдің - Corolla және Opel машиналарының соқтығысуына жол берді. Жол талғамайтын көлік рулінде облыстық энергетика және ТҚШ облыстық басқармасының 41 жастағы жүргізушісі отырған. Үш автомобильдің жүргізушілері әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша, Е.Өтешевтің бас миына зақым келген.

Сараптама көрсеткендей, жол-көлік оқиғасы болған кезде Е.Өтешев орта дәрежеде алкогольдік мас күйінде болған. Жол-көлік апатынан кейін шенеунік өз еркімен жұмыстан босады. Сонымен бірге, ол жарғыны бұзғаны және партияның беделіне нұқсан келтіргені үшін «Нұр Отан» ХДП қатарынан шығарылды.

2013 жылғы 19 ақпанда Е.Өтешевке қатысты ҚР ҚК 132-бабы бойынша күдікті ретінде ұстау хаттамасы толтырылған. Оның палатасына күзет қойылды.

20 ақпанда оған айып тағылды және сол күні Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық соты тұтқындауға жаза тағайындады. Алайда денсаулық жағдайына байланысты айыпталушы ауруханада жатыр. Ол тергеу абақтысына 28 ақпанда қамалған болатын.

Соңғы жаңалықтар