Кісі өлтірген күдіктіні табуға ит көмектесті - БҚО

ОРАЛ. 22 қазан. ҚазАқпарат - 20 қазан күні таңғы сағат 6.00-де Орал қаласындағы Әбілқайыр хан көшесі бойындағы үй жанынан 1977 жылғы ер адамның мүрдесі табылды.
None
None

Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, сот-медициналық сараптамасына сәйкес аталған адам бастан алған соққыдан қаза болған. Оқиға орнына қалалық ішкі істер басқармасы жедел тергеу тобымен бірге депараментке қарасты кинологиялық қызмет орталығының кіші инспекторы-кинолог Ермек Бабанов Честер атты итімен келіп жетті. Із кескен ит Көкшетау көшесі бойындағы 90-үйдің жертөлесіне алып келді. Мұнда бір ер адам мен екі әйел отыр екен. Көп ұзамай 28 жасар ер адам қылмысын мойындап, айта бастады. Екеуінің арасында күтпеген жерден болған кикілжіңнен кейін ол жәбірленушіні ұрып-соққан. Тіршілік белгісі білінбегеннен кейін ізін суытып, өзі бірнеше жыл бойы мекен еткен жертөлеге келіп жасырынған.  

Қазіргі кезде қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.

Соңғы жаңалықтар