Қытай «Матмо» тайфунына байланысты жедел әрекет ету режимін іске қосты
АСТАНА. KAZINFORM – Қытайдың су тасқыны мен құрғақшылыққа қарсы мемлекеттік штабы дүйсенбі күні «Матмо» тайфунының жақындауына байланысты жедел әрекет ету режимін іске қосты, деп хабарлайды Синхуа.
Синоптиктердің болжауынша, тайфун алдағы күндері аймаққа 190 мм-ге дейін жауын-шашын әкеледі. Билік су тасқынын бақылау, апаттан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін арнайы топ жіберді.
Өткен демалыс күндері тайфун Қытайдың оңтүстігіндегі жағалау аймақтарына жақындаған кезде Хайнань және Гуандун провинциялары шамамен 350 мың адамды эвакуациялады.
Гуанси-Чжуан автономиялық ауданы жағалаудағы жолаушылар паромдарының барлық рейсін, жағалау жобаларын жүзеге асыруды және порттар жұмысын тоқтатты және тұрғындарды кемелер мен мұнай платформаларынан эвакуациялады.
«Матмо» тайфуны – Тынық мұхитындағы осы тайфун маусымындағы 21-ші дауыл. Ол солтүстік-батысқа қарай шамамен сағатына 25 шақырым жылдамдықпен жылжып, нөсер жауын мен екпінді жел әкеледі.
Біз бұған дейін Қытайдың оңтүстігінде «Матмо» тайфунынан тұрғындар жаппай эвакуацияланғанын хабарлаған едік.