17:36, 30 Сәуір 2013 | GMT +5
ҚМДБ бұйрығымен жаңа тағайындау болды
АСТАНА. 30 сәуір. ҚазАқпарат - Қарағанды облыстық мешітінде ҚМДБ-ның діни істер бөлімінің меңгерушісі К.Тұрдыбаев Қарағанды облысының жаңа өкіл имамын таныстырды.

«ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының жамағатқа жолдаған ыстық ықыласты сәлемін жолдай отырып, хазіреттің бұйрығымен тағайындалған Қарағанды облысының өкіл имамы Бекқожа Өмірзақ қажы Қазкенұлын таныстырды»,-деп жазады muftiyat.kz сайты.
Өмірзақ қажы бұған дейін Қарағанды қалалық №1-мешітінде бас имамдық қызметін абыроймен атқарған. ҚМДБ-ның Қарағанды өңірі бойынша өкілі қызметінде болған Құнанбаев Орманбет қажы Болатұлы қалалық №1-мешітіне бас имам болып тағайындалды. Жамағат алдында ағынан жарылған қос имам алдағы уақыттарда ақиқат дініміздің өркендеуіне тізе қосып еңбек ететіндіктерін білдіріп, Бас мүфтидің артып отырған сенімінің үдесінен шығатындықтарын жеткізді.