ҚМЭБИ-де 8-халықаралық ғылыми-зерттеу конференциясы өтіп жатыр
Бүгін Алматыда өтіп жатқан Қазақстанның менеджмент экономика және болжау институтындағы (ҚМЭБИ) 8-халықаралық ғылыми-зерттеу конференциясы кезінде осылай айтылды.
Оқу орнының Бизнес факультетінің профессоры Уиллам Гиссидың айтуынша, дәстүрлі түрде жыл сайын өтетін бұл шара «Орталық Азиядағы дамушы елдердің нарығын дамыту» деген тақырыппен өтіп жатыр. Оның биылғы жылғы ерекшелігі, студенттік ғылыми зерттеу жұмыстарына көбірек көңіл бөлінуі болып отыр. Аталмыш конференцияның басты мақсаты - қазақстандық және шетелдік ғалымдардың өз идеяларымен және тәжірибелерімен бөлісіп, пікір алмасуына түрткі болу.
«Біздің оқу орнымызда 25-тен астам елдің оқытушылары жұмыс жасайды. Олардың бәрі өзін қазақстандықпыз деп санайды. Бұл конференцияға олардан басқа АҚШ, Әзірбайжан, Корея, Қырғызстан, Португалия, Түркия, Үндістан, Ұлыбритания, Швеция сияқты шет елдердің түрлі оқу орындарынан ғалымдар қатысуда», дейді У.Гисси. Оның пайымдауынша, ҚМЭБИ-ге алғаш келген кезінде кейбір оқытушылардың американдық модельге көбірек көңіл бөлетінін байқаған. Атап айтқанда, американдық қаржы нарығы, қаржы құралдары деген сияқты. Қазір олар енді өз зертттеулері арқылы Қазақстан экономикасының жылдам дамуына өз үлестерін қосуға тырысуда. «Қазақстан инвестиция тарту жағынан тартымды ел. Ол шикізат өндіруден басқа өнеркәсіп салаларын дамытуға өз әсерін тигізеді. Қазір үкімет экономиканы әртараптандыру мақсатында түрлі ізденістер жүргізуде», - дейді Уиллиям Гисси.