КО аясындағы мемлекеттік сатып алудың ашықтығы сөз болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Еуразия экономикалық комиссиясы ұйымының мұрындық болып, Қаржы министрлігі мен Электронды сауда алаңы қауымдастығының қолдауымен «Электронды сатып алу саудасының әділдігі мен мөлдірлігін қамтамасыз ету: еуразиялық интеграция тәжірибесі мен дамуы» тақырыбында халықаралық конференция өтті.
None
None

Шараға Кедендік Одақ пен Еуразиялық экономикалық кеңістік, Еуразиялық экономикалық одақ, Еуразиялық экономикалық комиссия, СЕФАКТ ООН (БҰҰ ЕЭК комитеті жанындағы үкіметаралық көмекші орган), ЕБРР (Қайтақұрылымдау мен дамудың Еуропалық банкі), (Азиялық даму банкі мен Корея мен Вьетнам елдерінің мемлекеттік сатып алу агенттіктерінің өкілдері қатысты.

Жиын барысында конференцияға қатысушылар мемлекеттік сатып алу ісіне қатысты әлемдік тәжірибемен танысып, Еуразиялық экономикалық комиссия мен Кедендік одаққа мүше-мемлекеттер билік органдарының және Біріңғай экономикалық кеңістіктің 2010 жылдың 9 желтоқсанынан бері күшіне енген мемлекеттік сатып алу Келісімі нәтижелерінің көрсеткіштерін талдап, таразылады. Басқосудың ашылу салтанатында сөз алған ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов:

- Біз осындай кездесулер арқылы өзара әріптестігімізді әлі де болса тереңдете түсуіміз керек. Ал аталған Кеңістіктің барлық территориясындағы тараптарда өзара бәсекелестіктің күшейіп, тауарайналымы ағынының ұлғаюуына мүмкіндіктер беруіміз қажет. Бұл қай тарапқа болса да өзінің тиімділігімен қатар, мемлекетаралық әріптестікті тереңдетеді және КО аясындағы ішкі тауарайналымы арқылы кәсіпкерлік саланың да жандануына оң әсерін тигізетін болады, - деді Бақыт Тұрлыханұлы.

Сонымен қатар, басқосуда КО пен БЭК мүше-мемлекеттері арасындағы шаруашылық субьектілерінің мемлекеттік және муниципалды сатып алу ісіне қатыстыру арқылы экономикалық әсердің белсенділігін арттыру жайы да жан-жақты айтылды.

Естеріңізге салайық, Еуразиялық экономикалық одағын құру туралы шартқа ағымдағы жылдың 29 мамырында Қазақстан, Ресей және Белорусь елдерінің Астана қаласында қол қойылған болатын. Осынау салтанатты шараға Қырғызстан мен Арменияның президенттері де қатысып, өз елдерінің ЕАЭО-ға мүше болғысы келетінін мәлімдеген болатын.

Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта халықаралық ұйымдарға тән базалық аспектілер, мемлекеттердің егеменді теңдігі, аумақтық тұтастығы, сондай-ақ Одақтың мүше-мемлекеттерінің саяси құрылымының ерекшелігін құрметтеу қағидаттары көрініс тапқан.

Бұған қоса, шарт Қазақстан, Ресей және Беларусь азаматтарының әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын арттыру мәселелерін шешуге бағытталған және тауарлардың, қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысын, үйлестірілген экономикалық саясат жүргізуді қарастырады.

Жалпы алғанда, келешектегі интеграциялық тиімділік 2030 жылға қарай ІЖӨ-нің жиынтық өсімі 900 миллиард доллар көлемінде болатындығымен бағаланып отыр. Еуразиялық экономикалық одақ теңдік, негізділік, жүйелілік, прагматизм және өзара тиімділік қағидаттары негізінде құрылады.

Соңғы жаңалықтар