Көкпектіде 51 апаттық тұрғын үй ысырылады - Бауыржан Әбдішев
«Қазақстандық көппрофильді қайта құру және дамыту институты 271 нысанды зерттеп шықты. Оның ішінде тұрғын үйлер мен дүкендер бар. 51 тұрғын үй апатты деп танылып, сүрілетін нысандар қатарына жатқызылды. 167 үй мен 5 дүкен күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын қажеттілік етеді. 47 үй қанағаттанарлық жағдайда», - деді бүгін Көкпектідегі ТЖ-ның себебін тергеу бойынша мемлекеттік комиссияның отырысында Б. Әбдішев.
Мамандардың есептеулеріне қарағанда, апатты үйлерге келген зақым 65-тен 87 пайызға дейін, ал күрделі жөндеуді қажет ететіндер 40-56 пайыз аралығында.
«Баспана құрылысының жалпы ауданы анықталды, яғни ол 3847 шаршы метрге тең. Бір шаршы метрге 80 мың теңге құнымен үйлердің жалпы құрылысына қажет қаржы 307,7 млн. теңгені құрап отыр», - деді әкім.
Белгілі болғандай, жөндеу және нысандарды қалыпына келтіру жұмыстарына 600 млн. теңгеге жуық қаржы қажет.
«Бірде-бір адам көмексіз қалмауы үшін барлық тиісті шаралар жасалуда», -деді Б. Әбдішев.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта зардап шеккен 14 отбасы жатақханаға орналастырылса, ал кішкентай балалары бар жеті отбасыға Қарағандыда уақытша баспана ұсынылды. Сонымен қатар, тағы 11 отбасыны баспанамен қамтамасыз ету мәселесі шешілуде.
ТЖ бойынша облыстық комиссияның мәліметтерінде аталған ауылда су тасқыны салдарынан 119 млн. теңге сомасындағы тұрмыстық техника, жиһаз және өзге де үй мүліктері құртылған. 76 дана көлікке, оның ішінде 56 жеңіл автокөлікке зақым келді.
«Қазіргі кезде ауыл тұрғындарына жоғалған ұсақ малдың саны өтелді», - деп атап өтті облыс әкімі.
Оқушылар кеңсе тауарлары мен оқулықтармен түгел қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, әкімдіктің бастамасымен ЖОО-лар басшылығымен осы елді мекендегі студенттерді төлемнен босату мәселесі шешілді.
Көкпектінің 111 тұрғынында 100 млн. теңгеге жуық тұтынушылық несилері бар екені анықталды. Осы орайда билік тарапы банктер алдында осы төлемдерді кейінге шегеру жайында өтінімін жасады. Ауыл тұрғындарына 213 тонна көмір жеткізіліп, таратылды. Төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен әйелдердің бірі ауруханада ауыр жағдайда жатыр.
Облыс әкімінің мәліметіне қарағанда, бүгінде зардап шеккен Көкпекті тұрғындарына көмек жасау бойынша қоғамдық қорға 90 млн. теңгеден астам қаржы түсті. Бұдан бөлек, ауылға 68 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді.
«ТЖ бойынша облыстық комиссия Көкпектіде қалпына келтіру жұмыстарын үйлестіру мен азаматтарға көмек көрсету шараларын жүзеге асыруда. ТЖ-ның орын алуының себебін тергеу бойынша жұмыстар жалғасуда», - деді Б. Әбдішев.
Айта кетейік, Көкпектіде 21 сәуірде ҚР ТЖМ басшысы Владимир Божконың төрағалығымен төтенше жағдайдың себебін тергеу бойынша мемлекеттік комиссияның отырысы өтті.
Ведомство басшысы, облыс әкімі және мемлекеттік комиссияның мүшелері гуманитарлық көмекті қабылдау мен тарату бекетінде, жатақхана мен асханада болып, жолдарды қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 31 наурыз күні түнде Қарағанды облысындағы Көкпекті ауылында бөгеттің бұзылуынан 300-ден астам үй суға кетті. Төтенше жағдай салдарынан 5 адам қаза болды, 12 зардап шегуші ауруханаға жеткізілді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 125 адам құтқарылды.
Қаза болғандардың отбасыларына 1 млн. теңгеден материалдық көмек берілді. Төтенше жағдайдан келген залал 1 млрд. теңгеге бағалануда.
Үкімет қаулысымен ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божконың төрағалығымен төтенше жағдайдың себептері мен мән-жайын тексеру үшін ведомствоаралық комиссия құрылды.
Облыстық прокуратураның ақпараты бойынша, төтенше жағдайларға байланысты екі қылмыстық іс: ҚР ҚК-нің 2-бөлімі 316-бабы бойынша (адам өліміне соқтырған немқұрайдылық); Бұқар жырау ауданы әкімдігінің және ТЖ бөлімінің қызметкерлеріне қатысты; ҚР ҚК 232-бабымен (өз міндеттеріне жауапсыз қарағаны үшін) «Шаңырақ агрофирмасы» ЖШС (бөгет иесі) және «Табиғат ХХІ» ЖШС (су қоймасын жалға алушы) лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істер қозғалды.