Көкше өңірінде де «Ризашылық» қайырымдылық мерекесі өтіп жатыр
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өңірде алғаш рет қолға алынып отырған игілікті іске жергілікті билік басшылары, шағын және орта бизнес өкілдері, кәсіпорындар мен мекемелер, қоғамдық бірлестіктер ұйымшылдықпен атсалысуда. Мұндағы мақсат жетім балаларға жылы отбасылық мереке сыйлау болып табылады. Әрбір балалар үйіне «Бөбек» қоры атынан кинотеатр, плазмалы теледидар, жылы киімдер, басқа да бағалы сыйлықтар табысталды. Ризашылық күні өңірдегі алты балалар үйінде, облыстық балалар мен кәмелетке жасы толмағандарды оқшаулау, бейімдеу және ақтау орталығындағы мыңға тарта жеткіншекке еліміздің бірінші ханымы Сара Алпысқызының құттықтауы мен тілегі жазылған ашық хат үлестірілді.
«Ризамыз бүгінге, ризамыз қазірге» атты мерекелік концерттерге белгілі әртістер мен жергілікті өнер шеберлері, тіпті балғындардың өздері де қатысуда.