Көкшетау госпитальдарында өмірден озған жауынгерлерге арналған ескерткіш қайта жаңғыртылды

ӨКШЕТАУ. Мамырдың 4-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Сұрапыл соғыс жылдары Көкшетау қаласына үш госпиталь көшіріліп, майданда жарақаттанған мыңға тарта жауынгерге ем-дом көрсетілді,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

1941-ші жылы Беларус еліндегі госпиталь көшіріліп, жаралы жауынгерлер ақ халатты абзал жандар қамқорлығына алынған. 1944 жылға дейін үш емдеу орталығы осында қоныс аударып, жедел жұмысқа кірісіп кеткен көрінеді. Емдеу шаралары Ленинград қоршауынан жаралы жауынгерлерді алып келген Степан Якувчуктің жетекшілігімен жүргізілді. Майдан шебінен үздіксіз жеткізілген жаралыларды қабылдау, оларды орналастыру жергілікті жерде ұйымдастырылған штаб міндетіне жүктелді. Нәтижесінде маңызды істе іркіліс болмаған. Өкінішке орай, жарадан барлығы бірдей айығып, қатарға қосылған жоқ. Елі үшін жанын қиған сондай аяулы азаматтар Бұқпа тауы баурайында жерленген. Қазіргі кезде жаңартылған мемориалды тақтада әзірше туған жері беймәлім П.Гончаров, ағайынды В.И.және В.И.Карповтар,А.Жанғазиев, А.Құжмағанбетов сынды 20 жауынгердің есімі қашалып, жазылған. Сонымен бірге бұл тұста Кеңес Одағының Батыры Федор Глининнің мәйіті жерленген. Марқұмдардың «тыныштығын» биік тұғырдағы шинел киген жауынгер күзетіп тұр. Ескерткіш 1960-шы жылы 1941-1945 жылдары Отан үшін мерт болғандардың есімін мәңгі сақтау мақсатында орнатылды. Оны күтіп, қадағалау міндетін оныншы мектеп оқушылары өз жауапкершіліктеріне алып, абыроймен атқарып келген болатын.

«Киелі мұрамызға тағзым» атты республикалық акция аясында Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында ескерткішті қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Бұл игілікті іске жергілікті кәсіпорындар, шағын және орта бизнес өкілдері, жеке азаматтар, соғыс және еңбек ардагерлері сүбелі үлес қосып, көмек қолын ұсынды. Қайырымдылық шарасына үн қосқандар көмегімен 686 мың теңге жиналып, осы мақсатқа жұмсалған. Қайта жаңғырту жұмыстарына ҚР Суретшілер одағының мүшесі Иван Седлецкий жетекшілік жасап, өңірдің мәдени-тарихи құндылығы ретінде республикалық маңыздағы кешенге айналды.

Қайта жаңғыртылған ескерткіштің ашылуына орай болған салтанатты жиынға майдангерлер мен тыл ардагерлері, қала жұртшылығы қатысып, гүл шоқтарын қойды. Қайтыс болған жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, тағзым етісті.

Соңғы жаңалықтар