11:34, 03 Мамыр 2010 | GMT +5
«Көкшетау» ұлттық саябағында тұтанған өрт 6 тәуліктен кейін ауыздықталды - ҚР ТЖМ
СТАНА. Мамырдың 3-і. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысындағы «Көкшетау» ұлттық саябағында тұтанған өрт 6 тәуліктен кейін ауыздықталды, деп хабарлайды ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі.
Айыртау ауданында орналасқан қайыңды орманда өрт сәуірдің 26-сы күні сағат 11.00-де басталған. Ұлттық саябақтың 48 га жерін өрт шалды.
ТЖМ мәліметінше, сол күні өрттің одан да үлкен аумаққа жайылып кетпеуіне қарсы шаралар жасалды. Дегенмен от мамырдың 2-сі күні таңға қарай сөндірілді. Жарақаттанғандар мен қаза болғандар жоқ.
Тілсіз жауға қарсы 28 өрт сөндіруші мен 8 техника жұмылдырылды. Сонымен қатар «Қазавиаорманқорғау» мемлекеттік кәсіпорнының МИ-2 тікұшағы және Солтүстік Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментінің тікұшағы тартылды.