16:40, 01 Маусым 2009 | GMT +5
Көкшетау университетінде туризм саласының мамандары еуропалық үлгіде дайындалады
КӨКШЕТАУ. Маусымның 1-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде еуропалық үлгіде туризм саласына кадрлар дайындау шаралары жүзеге асырыла бастады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Университет ректоры Шәкір Ыбыраевтың айтуынша, бұл жетістікке білім ордасы өткен жылы Еуропа Одағы шеңберіндегі ТЕМПУС-2008 білім беру жобасын жеңіп алу арқылы қол жеткізіп отырған көрінеді. Айтулы одаққа Еуропа мен ТМД елдерінің 60 елі мүше. Үш күндік шара аясында өңірге іссапармен келген Греноболь Академиясының Франциядағы реттеушілері Жан Ноэль Пашу мырза мен Катрина Шабу ханым жобаның негізгі бағыттары мен мақсаты, оның тиімділігі мен туризмді дамытуда қажеттігі турасында ойларын ортаға салып, арнайы семинар-тренинг өткізді. Аймақтық басқосуға Астана, Қарағанды, Қостанай қалаларындағы аталмыш мамандық бойынша жұмыс істеп келе жатқан жоғары оқу орындарының өкілдері, ҚР Білім және ғылым министрлігінің лауазымды қызметкерлері, Көкшетаудағы бірқатар колледж ұстаздары, басқа да ынталы ұйымдар мен мекемелер өкілдері қатысып, білімдері мен біліктіліктерін жетілдірді. Екі жақты келісімшартқа орай, француз елінен келген меймандар жергілікті жердің мүмкіндігімен танысып, тәжірибелерімен бөлісті.