Көкшетауда «Атажұрт» отбасылық демалу орталығы ашылды

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Түріктік ағайын Фатих Экиджидің айтуынша, бұл олардың өңірдегі алғашқы әлеуметтік бағдарламалары емес. Бұған дейін «Новинка» ұлттық тағамдар нысаны көпшілік игілігіне берілген болатын. Жаңа орталықта отбасымен келушілерге қазақ ұлттық тағамдарымен бірге түрік, италян халықтарының дәмдері ұсынылатын болады. Екінші бір ерекшелігі барлық тағам тапсырыс берушінің көз алдында, қас-қағым сәтте әзірленіп, дастарқанға жеткізіледі. Ішкілік атаулы мүлдем мәзірден аластатылған. Сәулетті ғимараттың екінші бөлігі сан алуан электрондық ойындармен жабдықталған. Былайша айтқанда бала да мәз, ата-ана да тыныш. Бір мезгілде 150 адамға қызмет көрсетуге есептелген орталықта 40 адам жұмыспен қамтамасыз етіліп отыр. Барлығын дерлік түрік мамандары арнайы тәжірибеден өткізген көрінеді. Болашақта ұлттық бағыттағы осындай қызмет көрсету орындары Бурабай мен Зеренді аудандарында ашылып, туристік кластер шешімін табатын болады.