Көкшетауда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған конференция өтті

XX ғасырда халқымызға қасірет пен қайғы әкелген 1932 жылғы ашаршылыққа биыл 84, ал 1937 жылғы саяси қуғын-сүргінге 79 жыл толып отыр. Осы тарихи даталарға орай, «Достық» үйінде жергілікті ардагерлер мен зиялы қауым, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы Ақмола облыстық филиалының, облыстық басқармалардың, саяси партиялар филиалдарының, этно-мәдени және жастар бірлестіктерінің жетекшілері, БАҚ өкілдері қатысуымен қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандары еске алуға арналған «Тарих шындығы: оқиғалар, тағдырлар» тақырыбында конференция өтті.
Көпшілік алдында толғана сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов бұл атаулы күннің тарихи маңызына тоқталды.
Сонымен қатар, мемлекеттік тарих институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Амангелді Қашқымбаев «Ізгі мұра, қаһармандық рух иесі» (1945-1980 жылдардағы қазақ интелегенциясы туралы ) тақырыбында баяндама жасаса, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің филология ғылымдарының кандидаты, доцент Аманжол Ысмағұлов «Қазақ зиялыларының қуғын-сургін жылдарындағы тағдыры» тақырыбын қозғады.
Бұдан өзге де танымал ел ағалары ашаршылықты басынан өткермеген кейбіреулер бұл зұлматты аңыз секілді қабылдағанымен, сұрапыл нәубет халқымыздың бастан кешкен шынайы тағдыры екенін айтып, лагерьлерде ұлтымыздың ар-намысты алға қойған арда азаматтары мыңдап құрбан болғанына тебірене тоқталды.
«Ашаршылық, қуғын-сүргін жылдары қан ішіп, қара жамылмаған қазақ жоқ. Соның салдарынан ұлтымыздың тең жартысы қырғынға ұшырады. Мәліметтерге қарағанда, ашаршылық пен ауру-сырқаттан Қазақстанда, Беларусь, Ресей мен Украинада 7 миллионнан астам адам көз жұмған. Оның 1,5 миллионы - біздің отандастарымыз. Ал 600 мың қазақ отбасы ата-қоныстарын тастап кетуге мәжбүр болды. Облысымызда 5 мың 400 адам кінәсіз сотталса, 1640 адамға ату жазасы кесілді», - дей келе саяси қуғын-сүргін жылдары қаза тапқан жерлестеріміз Әбілхайыр Досов, Асылбек Мұстафин, Зарап Темірбеков, Сабыр Шәріповтің есімдерін бір-бірлеп атап өтті.