Көкшетауда жарылғыш затпен елді дүрліктірген күдікті қолға түсті
кеше кешкілік Көкшетауда Елемесов көшесіндегі 67-ші үйге жарылғыш зат қойылғандығы турасында жалған ақпарат таратқан күдікті құрықталды.
Баспасөз қызметінен алынған деректер бойынша, 1982 жылғы В. есімді жергілікті тұрғын сол жатақханада тұратын танысына телефон шалып, көңіл көтермек болады. Бейтанысы ішімдік ішіп алған оған жылы лебіз білдірмеген. Хабарласу арты дөрекілікке, сес көрсетуге ұласады. Тіпті «батыр жігіт» үйіңді жарып жіберемін дегенге барған. Өзінің, өзгелердің өміріне қауіп төніп тұрғандай сезінген азаматша дереу ішкі істер департаментінің кезекші бөліміне хабарласады. Суыт хабар лезде тиісті құрылымдарға тарап, қас қағым сәтте 47 полиция қызметкері, 3 ұлттық қауіпсіздік комитетінің, 13 өрт сөндіру бөлімінің қызметкері бірнеше техникамен жетіп келіп, дереу іздестіру шараларын қолға алады. Айналасы жарты сағатта қауіптің жоқтығына көз жеткізіп, баспаналарынан шығарылған 26 тұрғын үйлеріне жіберілген. Қазір тергеу амалдары жалғастырылуда.