«Көлеңкедегі» қаржының пайдасын қашан көреміз?

Жалпы, ел табысының офшорға кетуі дамыған мемлекеттердің көбіне тән құбылыс. Бұған өзге елдер тарапынан осы келеңсіздікке тоқсауыл қою үшін бірігіп күресуге қатысты ұсыныстың жиі түсетіні дәлел. Бірқатар елдер шекара асқан заңсыз қаржыны елге қайтарудың түрлі тетіктерін іске қосуда. Мәселен, Түркияда елден шыққан әр миллион теңгені кері қайтару жолға қойылған.
«Қайтқан малда қайыр бар» дейді қазақ. Олай болса, Қазақстанда қазір заңсыз мүлік пен қаражатты амнистиялау шарасы жүргізіліп жатыр. Осы шараны құқықтық тұрғыда дәйектейтін «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтияр хаты бар тұлғаларға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» заңы да қабылданды. Үкімет мүшелерінің айтуына қарағанда, жалпы аталмыш шара, яғни мүлік пен қаражатқа рақымшылық нәтижесінде 10-12 млрд доллар қаржы ел экономикасына инвестицияланады екен. Бұл үшін әрине, шараны дұрыс түсіндіру, жұмысты тиімді ұйымдастыру маңызды рөл атқармақ.
Құжатты депутаттар бір ауыздан қолдады. Заң жобасы талқыланған кезде депутат Серікбай Нұрғисаев осы жолы жүзеге аспақ жария ету тетіктерінің тиімділігін атап көрсетті. Оның айтуынша, жария ету құралын таңдаудың баламалы болуы үлкен нәтиже бермек. Аталмыш заң бойынша ол бірнеше бағытта жүзеге аспақ. Яғни, жария етілетін ақша екінші деңгейлі банктердің жинақ шоттарында жатады, немесе онымен мемлекеттік бағалы қағаздарды, облигацияларды және «Самұрық Қазына» АҚ жекешелендіретін нысандардың активтерін сатып алуға болады. Сонымен қатар жария ету нысанын бюджетке он пайыздық алым төлеу арқылы қалауы бойынша пайдалану құқығы беріледі. Бастысы, мүлігі мен қаржысын жария еткендер жөніндегі мәліметтер құпия сақталып, олар қандай да бір қылмыстық, әкімшілік, жауапкершілікке тартылмайтын болады. Депутаттардың пікірінше, бұл аталмыш шараға заңсыз қаржы мен мүлік иелерін ынталандыратын бірден-бір мүмкіндік.
Құжаттың қарапайым халық үшін де пайдалы тұсы бар. Мәселен, заң жобасының 11-бабы бойынша рәсімделмеген жылжымайтын мүлікті жариялау қарастырылған. Бұл әсіресе, иеленген жеріне салған үйін рәсімдей алмай жүрген алыс аймақтардағы қауымның оң жамбасына келетін мүмкіндік. Алайда, құжатта осы шараны қарапайым жұртшылық үшін қиындатып, тіпті сыбайласқан жемқорлық фактілерін туындататын тетіктер бар екен. Ол жылжымайтын мүлікті аттестацияланған сарапшының бағалау қажеттігіне қатысты болып тұр. Заң жобасы талқыланған кезде бұған депутат Нұртай Сәбильянов назар аудартып, алыс ауылдарға мұндай қызметтің көрсетілуі қиын екендігі, солай болған күнде де оның құны қымбаттап кететіндігін айтып, сарапшылық бағалаудың қажетсіздігін айтқан еді. Алайда, қазір бұл мәселе де шешімін тауып, қолға алынған шара қазір өзінің жемісін де беріп жатыр.
Жыл аяқталуға қалды. Әзірге нәтиже жаман емес. Бұл шара келесі жылы да жалғасын таппақ.