Көлеңкелі экономикадағы ақша айналымы 30 млрд. доллардан асып отыр

АЛМАТЫ. 31 шілде. ҚазАқпарат -  Көлеңкелі экономикадағы өндіріс көлемі әлі белгісіз. Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп  жатқан «Көлеңкелі экономика және көшедегі базар: мүмкіндіктері мен әлеуметтік-саяси және экономикалық тәуекелдері» деп аталатын конференцияда айтылды.
None
None

«Қаржы полициясының мәліметі бойынша, көлеңкелі экономикадағы ақша айналымы 30 миллиард доллардан асып отыр. Жалпы ұлттық өнімнің көлемі 2011 жылы 27 триллион  теңгені құрады.  Бұл көлеңкелі экономиканың жалпы экономикадағы көлемі 16 пайыз деген сөз. Оны заңға сәйкес жұмыс жасайтын секторға шығару үшін ең алдымен бизнес жүргізу тетіктерін оңтайландыру қажет», - дейді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның Басқарушы директоры Ғабит Лесбеков.

Оның айтуынша, бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Қаржы министрлігінің  мәліметіне қарағанда, бір жолғы талонмен жұмыс жасайтын өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етушілер саны  елімізде 130 мыңнан асады. Оның әрқайсысында 3-4 адам жұмыс жасайды десек, оның бәрі көлеңкелі секторда деуге болады. Сондықтан 2013 жылы бір жолғы талон қолданыстан алынған соң олардың бәрі жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге мәжбүр болады. Олар белсенді кәсіпкерлердің саны көбейтеді.

Ғ.Лесбековтің сөзіне қарағанда, «қазір тіркелген 1 миллион 300 мыңнан астам  кәсіпкердің 747 мың ғана белсенді түрде жұмыс жасауда. Оған әсер етуші факторлар өте көп. Оның ең негізгісі, әкімшілік кедергілер. «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының белсенді  кәсіпкерлердің жұмысын жандандыруға әсері бар. Егер кәсіпкерлер ресми түрде тіркелсе, әлеуметтік бағдарламаларға қатысуға мүмкіндік алады».

  Елбасы Үкіметтің алдына шағын бизнес ұлттық өнімнің 40 пайызын құрауы керек деген тапсырма жүктеді. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры өкілінің пайымдауынша, кәсіпкерлерлікті тіркеу жүйесі енгізілген кезде статистика агенттігі өнім көлемі  мен онда жұмыс жасайтындардың санын есептеп шығады. Сондықтан кәсіпкерлік субьектілердің саны мен сапасы қаншалықты өзгергеніне бір жыл өткен соң  ғана талдау жасауға болады. Ал оған дейін көлеңкелі экономикадағы өндіріс көлемі мен онда жұмыс жасап жатқандардың нақты үлесін ешкім айта алмайды.

Соңғы жаңалықтар