22:11, 04 Мамыр 2010 | GMT +5
Көлік прокурорлары соғыс ардагері Юрий Гончаровты еске алды
АҚТӨБЕ. Мамырдың 4-і. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Бүгін Батыс аймақтық көлік прокуратурасының қызметкерлері Ұлы Отан соғысының ардагері Юрий Гончаровты еске алып, оның зайыбы Вера Гончарованы құттықтады, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Көлік прокуратурасының қалыптасуына ерекше үлес қосқан майдангердің әйеліне гүл мен 70 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықты табыстаған соң, прокурорлар Кирпичный ауылындағы Юрий Гончаровтың зираты басына барып, гүл қойды.
Юрий Гончаров (1925-1988) -Украинаның төртінші, Балтық бойының бірінші және Белоруссияның үшінші майдандарында соғысқан, «Ерлігі мен батырлығы», «Кенигсбергті алғандығы үшін» медальдарымен, 2-ші дәрежелі Отан соғысы орденімен, Жауынгерлік Қызыл ту, Қызыл жұлдыз т.б. ордендермен марапатталған.
30 жылдан астам уақыт ҚазКСР прокуратура органдарында әртүрлі басшылық қызметін атқарған. Оның қызметтік еңбегі үшін ҚазССР көптеген марапаттары мен алғыс хаттары табысталған. Ол көлік прокуратурасының қалыптасуына көп еңбек сіңірді.