Көлік ведомствосының басшысы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшылығымен отырыс өткізді

Отырыс барысында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ вице-президенті Ермек Қизатовтың 2010 жылғы компания қызметінің қорытындысы бойынша және 2011 жылға арналған басты міндеттері туралы ақпараты тыңдалды. Компанияның вице-президенті өз баяндамасында 2010 жылы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ компаниялар тобының көрсеткіштерінен оң серпінді өсуді байқауға болатынын атап өтті. Айталық, жүк айналымы 2009 жылмен салыстырғанда 8%-ға, ал жолаушы айналымы 8,4%-ға артты. Сондай-ақ, кірістер мен таза табыс көбейе түсті. Осы кезеңде қозғалыс қауіпсіздігін бұзушылықтар мен өндірістік жарақаттану көрсеткіші төмендеді. Еңбекті өнімділігіі 22%-ға жоғарылады. 2020 жылға дейінгі тиімділікті арттыру бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Ұжымдық басқару деңгейі жоғарылады. Менеджменттің интеграциялау жүйесін енгізу, жолаушылар вагондарын, электровоздар мен локомотивтерді сатып алу жалғасын табуда. «Астана-Мәскеу» және «Алматы-Мәскеу» пойыздарының ішкі-сыртқы көріністері қайта жасалып, техникалық жаңартудан өткізілді. «Астана-Павлодар» жаңа қатынас маршруты ашылды. «Тұлпар» пойыздарында интернетке кіру мүмкіндігі пайда болды. Жолаушы вагондарын өндіру зауытының құрылысы басталды. 2010 жылы ««Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ға 164 темір жол вокзалдары қолданысқа берілді. 2011-2012 жылдарға арналған жоспардың басым бағыттарының бірі шағын стансыларда 105 вокзал салу және 154 вокзалға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу болып табылады. Жолаушылар тасымалының жаңа логистикалық моделін қалыптастыру және жолаушылардың жолға жұмсайтын уақытын қысқарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына қайта салынып жатқан Қорғас - Жетіген және Өзен - Түрікменстан шекарасы жаңа темір жол желілерін ашу жоспарланып отыр.
Отырыстың қорытындысы бойынша, көлік ведомствосының басшысы Б.Камалиев «Қазақстан темір жолы» АҚ басшылығына халықаралық транзиттік дәліздерін әрі қарай дамыту, жақын арада логистиканы дамыту тұжырымдамасын жасау, әкімшілік бөгеттерді барынша азайту және қазақстандық мазмұн деңгейін көтеру қажеттігін айтты. Жаңа құқықтық-нормативтік, соның ішінде, Қазақстанды Кедендік Одаққа кірумен байланысты актілерді жасау міндеті ерекше және күнделікті назарды қажет етеді. Эстониямен көлік саласында ынтымақтастықты дамытуда нақты шараларды қабылдауымыз қажет. Ең бастысы - Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойын лайықты деңгейде қарсы алу.