Көлік және коммуникация министрі Маңғыстау жұртына зейнетақы жүйесін жаңғырту мәселесін түсіндірді
Жұмыс сапары барысында министр облыс активімен кездесті. Кездесуде ол зейнетақы жүйесін жаңғырту мәселесіне қатысты сауалдар мен тұрғындар сауалдарына жауап берді.
Оның ішінде А. Жұмағалиев бірыңғай зейнетақы қорын құру қажеттілігі, зейнетақыға шығу жасын біріздендіру, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне жеке шаруасымен шұғылданатын тұрғындардың міндетті түрде тартылуына байланысты талаптар жайында түсініктеме берді. Сондай-ақ, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеп жүрген азаматтарға баса көңіл бөлінді. Олардың жеке зейнетақы шотына 15% зейнетақы жарнасы аударылатын болады, оның 10% жұмысшының жалақысынан аударылса, 5% жұмыс беруші аударатын болады.
Сонымен қоса Асқар Жұмағалиев, Еңбек кодексіне жұмыс берушілердің зейнетақы жасына таянған әйелдермен еңбек келісімдерін тоқтатқаны және жұмысқа орналастыруда кемсітушілік жасағаны үшін жауапкершілігін күшейту жөніндегі енгізілетін өзгерістер жайында баяндап берді.
Мұның сыртында министр Ақтау теңіз портында және жүргізуші куәліктерін беру мен автокөліктерді тіркеу жөніндегі биылғы жылдың аяғына дейін ашылатын мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында болды.