Қолжетімді баспана бағдарламасы қандай болуы керек

Дегенмен салынып жатқан үйлердің санымен бірге баспанаға зәру азаматтардың да кезегі ұлғайып келеді. Тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету бағдарламалары халықтың үдесінен шықпай отыр. Себебі құрылыс компанияларының, Үкіметтің және халықтың қолжетімді баспанаға қатысты пікірі бір жерден шығып отырған жоқ.
«ҚазАқпарат» тілшісі отандық сарапшылармен тілдесіп, бюджетке үлкен салмақ салмай-ақ халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ете алатын балама жолдарды іздеп көрген болатын. Сұхбат аталмыш сала мәселелерімен айналысатын танымал саясаттанушы мен сарапшылар арасында өрбіді.
Белгілі саясаттанушы Руслан Жанғазы, еліміздің Астана мен Алматы қалаларында, сонымен қатар барлық облыстарда баспана кезегінде тұрған азаматтардың санының көп болуы аталмыш мәселе ұлттық деңгейдегі проблемаға айналғанын көрсетіп отыр деп санайды. Ол тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған бірқатар кешенді шаралар ұсынды. Оның айтуынша, бір шаршы метр үшін бағаның негізсіз қымбат болуы - нарықтағы монополизацияның жоғары деңгейіне және өзіндік құнындағы жемқорлықтың жоғары үлесіне байланысты.
«Сондықтан менің ең бірінші ұсынысым - құрылыс нарығына әлемдік танымалдылыққа ие шетелдік компанияларды енгізу, құрылыс техникасына, құрылыс материалдарына баж салығын алып тастау, оларға жұмыс күшін, жоғары білікті инженерлік және техникалық мамандарды шетелден әкелуге құқық беру. Және де шетелдік компанияларға отандық құрылыс компанияларының пайдасына шетелдік қазіргі заманғы құрылыс технологияларының трансфертін жүзеге асыруды міндеттер едім», - дейді Руслан Жанғазы.
Оның сөзінше, Астана, Алматы, Шымкент және Қарағанды қалаларында тұрғын үй құрылысының арнайы аймағын құру қажет. Арнайы аймақта отандық құрылыс компаниялары үшін тартымды салықтық жағдайлар жасалуы тиіс. Ал мемлекет оларды тиісті инженерлік желілері бар жер учаскелерімен қамтамасыз етеді.
«Тұрғын үй құрылысының арнайы аймақтары нақты аумақтарға бекітілетіндіктен, қала құрылысының бас жоспарын ұстану және мегаполистердің маңынан ретсіз үй құрылысының алдын алу ыңғайлы болады», - деп атап өтті Р. Жанғазы.
Саясаттанушының ойынша, «Қолжетімді баспананың» әділ құнын есептеу әдістемесі де өзгеруі қажет. Ол біздің елдің экономикалық көрсеткіштеріне негізделіп жасалуы тиіс.
«Мысалы, қолжетімді ипотекалық баспананың айлық төлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің (2017 жылы ақпанда - 11 109,5 теңге) 120 айға көбейтілген көлеміне байлануы тиіс. Осылайша, Қазақстандағы қолжетімді баспананың құны 1 333 140 теңгеден аспауы шарт. Мұндай инвестициялық тұрғыдан тартымды емес баға ең төменгі күнкөріс деңгейін қолдан төмендетудің салдары», - деп атап өтті ол «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында.
Өзге де маңызды ұсыныстардың ішінде, Руслан Жанғазы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін коммерциялық емес акционерлік қоғамға айналдыруды, түрлі комиссиялар мен алымдарды алып тастауды да ұсынды. Себебі олар халыққа Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі тарапынан берілетін ипотекалық несиенің қымбаттауына алып келіп отыр. Сонымен бірге ол зейнетақы салымдарын Тұрғын үй құрылс жинақ банкінің салымдарымен теңестіруді де ұсынды. Оның пікірінше, баспана алу мүмкіндігі - абыройлы зейнеткерліктің ең тиімді инвестициясы.
«Депутаттық корпусқа айтарым, Қазақстандағы «құрылыс лоббиінің» тәбетін азайту жолдарын табуды сұраймын. Әр кез сайын олар Парламент арқылы жоғары бағаларды енгізіп жібереді. Соның салдарынан қолжетімді баспана қолжетімді болмай кетеді. Қазақстанның климаты өте сұрапыл, тұрғын үй салуда қосымша шығын кетеді деген сылтаулар қабылданбайды. Сейсмикалық жоғары динамикаға сілтей салу да түкке тұрғысыз сөздер», - деді Руслан Жанғазы.
Өз кезегінде Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің Қазіргі заман зерттеу институтының директоры Мұхит-Ардагер Сыдықназаров жермен және баспанамен қамтамасыз етудің еуропалық тәжірибесін енгізуді ұсынды. Ол үш мәселені бірден шешуге ықпал етеді - жеке тұрғын үй құрылысына арналған жерлерді жедел әрі тиімді игеру, жер ресурстарын басқару жүйесінің бюрократиялығын жою, халықты көлікпен қамтамасыз ету, құрылыс саласымен жанасатын жеңіл өнеркәсіп салаларының дамуы.
«Ол «Менің жерім, менің үйім, менің көлігім» атты түсінікті, жеңіл ұлттық бағдарлама. Бұл бағдарлама биліктің тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелерін шешіп бере алар еді. Бағдарлама атауында жер мен баспана сөздерінің тіркелуі осы екі мәселені бірден шешуге жол ашады», - дейді Мұхит-Ардагер Сыдықназаров.
Оның сөзінше, әрбір отбасыға 10 сотық жерден бөліп, бір жыл ішінде сол жерде құрылыс бастаулары қажет. Сонымен қатар аталмыш ұлттық бағдарлама аясында аз пайызды несиелік бағдарламаны іске қосу керек.
«Қазақстандықтар несие алар еді, себебі баспаналы болу - Қазақстан азаматттарының шешілмеген басты әлеуметтік мәселелерінің бірі. Несие операторы етіп, Қазақстандық ипотекалық компаниясын, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін тағайындауға болады. Нәтижесінде қаржылық және банк секторы біршама жандана түсер еді», - деп атап өтті ол.
Мұхит-Ардагер Сыдықназаров, сонымен қатар, ұлттық бағдарлама аясында үй салып жатқан қазақстандықтарға құрылыс материалдарының қосымша құн салығын қайтаруды ұсынды.
«Меніңше, бұл адамдардың үйді жылдам салуына жол ашады. Үкімет азаматтарға қосымша құн салығы қайтарылатын материалдарының тізімі мен баға нормативтерін анықтауы тиіс. Мұндай тәжірибе Польша мен Венгрияда бар. Сол арқылы біз құрылыс материалдары нарығының қарқынды дамуына қол жеткізе аламыз», - деді ол «ҚазАқпарат» агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында.
«Түптеп келгенде, қазақстандық субурбанизацияның ұйымдасқан, ретке келтірілген үрдісіне алып келеді. Бұл жөнінде Президент те айтып келе жатыр. Қазақстанның ірі мегаполистері даму ошақтарына айналуы тиіс. Субурбия тақыр жерде пайда бола алмайды, ол адамдардың саны көп орында ғана құрылады. Ал ол үшін азаматтарға жеке тұрғын үй салуға арналған жер учаскелері болуы шарт», - деп атап өтті Еуразия Ұлттық Университеті жанындағы Институттың басшысы.
Тағы бір сарапшылардың бірі, Еуропалық құқық және адам құқықтары сарапшылық институтының басшысы, «Человек и закон» газетінің бас редакторы Марат Бәшімов қолжетімді баспананы жүзеге асыруға кедергі келтіріп отырған тұрғын үй саласындағы заңнаманың кемшіліктерін атады. «Тұрғын үй құрылысындағы үлескерлік қатысу туралы» заңда Кепілдендіру қоры арқылы тұрғын үй салу тетігі қарастырылғандығын еске салды. Аталмыш қор егер құрылыс компаниясы банкрот болған жағдайда үлескерлерге баспананың толық салынып бітуіне кепілдік береді. Мемлекет аталған тетікті жүзеге асыру мақсатында бюджеттен 10 миллиард теңге бөлді. Бірақ қаражат құрылыс компаниясы банкрот болған жағдайда ғана бөлінеді.
«Алайда, аталған тетік елімізде жұмыс істемейтін болады. себебі жоба бойынша көппәтерлі үйлер көп дегенде үш жыл салынады. Үш жылда Қазақстан азаматы осы аралықта пәтерге жетерлік қаражатты жинап үлгермейді. Оның үстіне құрылыс компаниясынан пәтер сатып алу үшін алынатын жоғары пайыздық несиелерден әбден мезі болады. Сондықтан бұл тетікті аздап жетілдіру қажет. Егер мемлекет Кепілдендіру қоры арқылы құрылыстың аяқталатынына кепіл беретін болса, банктер жеке және заңды тұлғаларға аз пайыздық несиелер беруден қорықпауы керек (Оңтүстік Корея мен Түркияда 4-5 пайыздық). Осындай жағдайда адамдар пәтерге ие болып, несиелерін төлеп, емін-еркін жүре алады», - деп түсіндірді ол.
Сонымен қатар Марат Бәшімов құрылыс компанияларының көлік тұрағының орнын сатуына да қарсы.
«Тұрғын үй бағасына жертөленің құрылысы да кіреді, кейін оны автотұраққа айналдырып, тұрғындарға қып-қызыл ақшаға сатады. Бұл адамды алдау емес пе?», - деп есептейді сарапшы.
«Егер банк тұрғын үй құрылысын 100 пайыз қаржыландыратын болса, пәтер сатып алуға несиені неге 4-5 пайызбен бермеске. Құрылыс компаниясы нысанды салуға арналған жерді мемлекеттен тегін алады, тіпті инженерлік желілерді де жергілікті билік жүргізеді. Меніңше, құрылыс компаниясын болашақта құрылыс жүргізуге 15 пайыз өз қаражатын салуға міндеттеу керек», - деді ол.
Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда халықтың 12 пайызы баспанаға мұқтаж. Оның үстіне олардың басым бөлігі жер учаскесін алуға кезекте тұр. Мемлекеттік тұрғын үй кезегіндегі адамдардың саны жеңілдікпен алынатын баспанаға ілікпейтін адамдардың санынан 300 мыңға аз. Дегенмен олар да бір баспанаға зәру болып отыр. Былтыр рекордтық 10 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Дегенмен салынып жатқан құрылыс қарқыны елдің мұқтажын жауып үлгермеуде.