Көне жәдігерлер қолды болды - Ақтөбе облыстық ІІД

Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметі хабарлады.
Жас та болса әккі ұры Ақтөбе қаласындағы байшыкештердің үйін тонауды әдетке айналдырған. Бір қызығы, қымбат бағалы зергерлік бұйымдар мен көненің көзіндей саналатын құнды жәдігерлерді қолды қылып отырыпты. Ақтөбелік полицейлер 23 жастағы жігітті Есет батыр көшесінің бойындағы бір пәтерді тонап жатқан жерінде қолға түсірді. Ұсталған сезікті алдымен пәтерлердің есігін қағып, үй ішінде адамның бар-жоғын тексеріп алатын болған. Егер пәтерде адамның жоқтығына көзін жеткізгеннен кейін, есіктің құпын арнайы құралмен бұрап ашып, көне жәдігерлерді, қымбат бағалы заттарды, әйелдердің әшекей бұйымдарын, доллар және басқа да шетел валюталарын ұрлап отырған. Ұрыны тексеру барысында ұрланған заттардың ішінде 1895 жылы шыққан Ақ патшаның күміс теңгесі, 1924 жылы шыққан Кеңес үкіметінің мыстан жасалған 50 сомы және Түркменстанның бұрынғы ақшасы (манат) табылып, айғақтық зат ретінде тәркіленді. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі есептеліп жатыр.
Бүгінгі күні осы дерек бойынша ҚР ҚК 175-ші «Ұрлық» бабына сәйкес, қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар, жедел іздестіру шаралары кезінде күдікті жігіттің 10-нан астам осындай пәтер ұрлығына қатысы бары дәлелденіп отыр.